Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиевпен кездесіп, өңір үшін ортақ мәселелерді талқылады. Оның ішінде, келісім-шарт міндеттемелерін орындау, әсіресе бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Қызылорда облысында әлеуметтік нысандарды салу мәселесі сөз болды.
Басқосуда аймақ басшысы Талдықорған, Петропавл, Көкшетау қаласындағы секілді заманауи оқушылар сарайын салу және құрылыс жұмыстарын биылдан қалдырмауды тапсырды. Сондай-ақ, кездесу барысында «ҚазГерМұнай» еншілес компаниясы жұмысшыларының жалақысын кезең-кезеңімен көтеру мәселесі қаралды.
Облыс әкімі аймақ экономикасының негізі саналатын мұнайды өндіру, экспорт көлемін арттыруда салалық министрліктен қолдау білдіру туралы нақты ұсыныстарды жеткізгенін тілге тиек етіп, бұрғылау тереңдігін ұлғайту сынды өндірістік мәселелерді назарда ұстау керектігін қаперге салды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<