Бүгінгі Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде жылу беру маусымының басталуы және мемлекеттік орман қорын ұлғайту мәселелері қаралып, тиісті тапсырмалар жүктелді.
«Жылу беру маусымының кедергісіз өтуі өте маңызды. Биыл Үкімет дайындық жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетіп, жобаларды іске асыруға қажетті қаржы бөлді.
Өткен аптадағы көшпелі мәжілісте барлық жауапты мекемелерге дайындық жұмыстарын сапалы ұйымдастыру бойынша тиісті тапсырмалар берілген болатын. Олардың дер кезінде, сапалы орындалуын қатаң бақылау керек. Әлеуметтік нысандардың жауапты маусымға дайындығы баяу жүруде.
Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармалары, әлеуметтік нысандар қазандықтарының толық дайындығы мен отын қорының жасақталуын қатаң бақылауға алыңыздар.
Өткен жылу беру маусымында қаладағы КСК-сы жоқ тұрғын үйлерді жылуға қосуда бірқатар мәселе туындады. Мұндай жағдай биыл қайталанбауы тиіс!
Биыл Қызылорда қаласындағы 187 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамту жоспарланған, Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінген. Жұмысты 15 қазанға дейін аяқтауды тапсырдым. Берілген тапсырма уақытылы орындалуы керек», – деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне көмір қорын жеткілікті етіп жасақтау, үздіксіз және қауіпсіз газ отынымен қамтамасыз ету міндеттелді. «Қазақ Газ Аймақ» Қызылорда өндірістік филиалының директорына әр аудан орталығынан апаттық-диспетчерлік қызмет құру тапсырылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<