Нұрлыбек Нәлібаевтың жаңа қызметіне сәттілік тіледі

1500

0

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі Өкімімен Нәлібаев Нұрлыбек Мәшбекұлы Премьер-Министр Кеңсесі Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Осыған байланысты ол Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Қызылорда қаласы әкімі лауазымынан босатылды.


Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Нұрлыбек Нәлібаевтың жаңа қызметіне сәттілік тілеп, оған Қызылорда облысының «Құрмет грамотасын» табыстады.

– Нұрлыбек Мәшбекұлы 2013 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін Елбасының, Мемлекет басшысының, Үкімет және аймақ басшыларының қолдауымен Қызылорда қаласы әкімі қызметінде абыройлы еңбек етіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына үлесін қосты. Соңғы 8 жылда 194 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жол құрылысын дамытуға 30 млрд. теңгеге жуық қаржы тартылып, 840 шақырымды құрайтын 1 177 көше жөнделді. 8 мектеп, 21 балабақша, 3 мәдениет үйі, 131 спорттық ойын алаңдары салынды. 1,5 млрд. теңгеге жуық қаржыға 31 әлеуметтік нысанға күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңғыртудан өткізілді, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.


Облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов Нұрлыбек Нәлібаевтың қаланың дамуына қосқан үлесінің зор екендігін айтты. «Ол басқарған Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістердің болды» деді.

Ал, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов Нұрлыбек Мәшбекұлының аймақтың өркендеуіне мол үлесі барлығын білдіріп, жаңа қызметінде тілектестігін жеткізді.


Мәжілісте Нұрлыбек Нәлібаев қала басқару ісінде қолдау көрсеткен аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен әріптестеріне алғыс айтты.

– Мен өз қызметімде әрқашан сіздердің қолдауларыңызға сүйендім. Маған үлкен жауапкершілік жүктедіңіздер. Сыр халқының береке-бірлігінің арқасында ұзақ уақыт облыс орталығында қызмет істеп, елдің, басшылардың демеушілігінің біріккен жұмысы арқылы нәтижелерге қол жеткіздік деп ойлаймын. Жаңа қызметте де елдің, туған жердің гүлденуіне еңбек ете бермекпін. Қала тұрғындарына, барша әріптестеріме ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.


Мұнан соң өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қала активіне қатысып, Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмысына оң бағасын берді. Қалалық мәслихаттың хатшысы Ибадулла Құттықожаев Нұрлыбек Мәшбекұлына «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстап, қала депутаттары атынан алғыс білдірді.

Жиында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрғанбай Маханов, ақын Шаһизада Әбдікәрімов, мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев Нұрлыбек Нәлібаевтың атқарған жұмысына алғыс айтып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<