Облыс әкімі Арал ауданының тұрғындарымен кездесті

451

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары аясында аудан халқымен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады.

Қабылдауға барлығы 100-ге жуық азамат келіп, өтініш-тілектерін жеткізді. Тұрғындар көтерген мәселелер негізінен баспана алуға, денсаулық, білім салаларына, жұмысқа орналасуға, т.б. қатысты болды. Ұсыныс-пікірлерді тыңдаған аймақ басшысы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Қабылдауда көтерілген барлық мәселені шешу жолдары жан-жақты зерттеледі.

Мәселен, Арал ауданының тұрғыны Ақбай Баекеев «ҚазСуШар» мекемесіне қатысты ұсыныс айтты.

«Бүгін облыс әкімінің қабылдауына келдім. Егіс көлемінің артуына байланысты бұрын Арал ауданында су шаруашылығы мекемесі болған. Қазір оның ізі ғана бар. «ҚазСуШардың» аудандық мекемесін қайта құру туралы мәселе қозғадым. Бұл мәселе алдағы уақытта заң аясында қаралып, оң шешім табатынын айтты», – деді ол.

Ал, ардагер ұстаз Әлия Мұқалимова ауданға типтік балабақша қажет екенін жеткізді.

«Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының ауданға іссапармен келетінін естіп, қабылдауға жазылған едім. Бүгін қабылдауға келіп, талапқа сай, типтік жобадағы балабақша салып беру туралы ұсынысымды айттым. Облыс әкімі мен көтерген мәселе заң аясында қарастырылатынын жеткізді», – дейді ұлағатты ұстаз.

Мұнан бөлек, тұрғындар құқық қорғау органдары басшыларының қабылдауында болды. Өздерін толғандырған мәселелердің заң шеңберінде шешім табу жолдары туралы кеңес алды. Құқық қорғау органдарының басшылары қабылдауға келген тұрғындарға көтерілген мәселелердің заңдық негізін жан-жақты түсіндірді.

Жеке қабылдаудан кейін аймақ басшысы аудан орталығында салынатын №6 және №5 мөлтек аудандарға инфрақұрылым жүргізу жұмыстарымен танысты.

Еске салсақ, Арал ауданына сапары барысында Нұрлыбек Машбекұлы теміржол өткелінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген мәжіліс өткізді.

Айта кетейік, осындай форматта жеке қабылдаулар алдағы күндері барлық ауданда өткізілмек.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<