Президент Жарлығы аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданының халқымен кездесті.
Алдымен аймақ басшысы өңірде атқарылған негізгі жұмыстарды тізбелеп, Қазалы ауданы үшін өзекті мәселелерге тоқталды. Оның ішінде өнім өндіруге бағытталған жобалар тарқатылды.
– Биыл ауданда «1200 басқа арналған Ірі қара мал өсіру кешенінің және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңі» және «Балық қалдықтарынан жасалған балық ұнын өндіру кешені» жобаларын жалғастырамыз.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мал басы санында өсім бар. Мәселен, Қазалы ауданында ет 101,3%, сүт 105%, мал басы 115% деңгейінде өсті. Ендігі кезекте мал өнімдерін өндірумен бірге оны терең өңдеуге мән береміз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс әкімі халыққа аса өзекті жолдарды жөңдеу, газ тарту мәселелерін де шет қалдырмады. Биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады.
Қазалы қаласынан Жаңақұрылыс, Бекарыстан би ауылынан Майдакөл елді мекені бағытына қарай жол тораптарын орташа жөндеу жұмыстары басталды.
Сондай-ақ, Қазалы қаласынан Кәукей, Қожабақыдан Бекарыстан би және Абай ауылынан Басықара елді мекені бағытындағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуді биыл толық аяқталады.
Мұнан бөлек «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында биыл Қазалы қаласының 10 көшесі жарықтандырылып, 16 шақырым электр желісі жаңғыртылады. Ал,
Әйтеке би кенті мен Мұратбаев ауылы тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізсе, сәуір айында облыс әкімі ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Қазалы қаласында алау отын жақты. Енді биыл Жалаңтөс батыр, Пірімов, Басықара ауылдарына газ кіреді.
Аймақ басшысы Қазалы ауданында кәсіпкерлік, өндіріс, ауыл шаруашылығы, білім мен денсаулық салаларында атқарылған жұмыстарды баяндап, биыл қолға алынған жобаларды тізбеледі. Мәселен, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жоспардан бөлек, ауданда 114 гектар жерге қосымша егін егілген.
Нұрлыбек Нәлібаев Қарлан көпірінің мәселесіне арнайы тоқталды.
– Аудан жұрты үшін ғана емес аймақ үшін Қарлан көпірінің маңызы зор. Әсіресе, көктем мен күзгі сең жүрген уақытта екі ортадағы жол қатынасында біршама қиындық туындайтынын білеміз. 10 елді мекенді аудан орталығымен байланыстыратын көпір мәселесін арнайы барған уақытта мердігермен ақылдасып, негізгі жұмыстарды бағдарлаған едік.
Биыл ғана басталған көпір құрылысының қазірде 20 пайызы орындалды. Көпірді 2024 жылы аяқтаймыз, – деді облыс әкімі.
Халықпен кездесу соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын соңында тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Мұнан соң, кезектілік тәртібімен азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдап, аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырма берді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<