Облыс әкімі құттықтауы

2492

0

Құрметті мәдениет қызметкерлері, сала ардагерлері!

Сіздерді Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Осы ретте, креативті индустрияға жүйелі қолдау көрсету өте маңызды» деп атап өткен болатын. Президент «Қазақстанның халық артисі» атағын қайта қалпына келтіріп, Республика күнінде оған лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталатынын айтты.
Руханиятты дамытуға, игілікті, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашатын үздік мәдени дәстүрлер сақталған елімізде, оның ішінде өнер мен мәдениеттің ордасы – Сыр өңірінде Сіздерге жүктелген міндет жүгі жеңіл емес.

Туған жеріміздің, бай мәдени мұрамыздың дәріптелуіне айрықша үлес қосқан шығармашылық адамдары қашанда құрметке лайық. Осыны ескеріп, биылғы кәсіби мереке қарсаңында он жылдан бері үзіліп қалған үрдісті қайта жалғастырдық. Облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығын тағайындап, алғашқы 20 иегеріне табыстадық. Халыққа мәдени қызмет көрсетуде таланттарды шыңдап, көрерменге жан байлығын сыйлаған өз ісінің майталман мамандарына, өнерге шын берілген азаматтарға алғысымыз шексіз.

Ұлттық және мемлекеттік, кәсіби мерекелерде, түрлі деңгейдегі іс-шараларда Сіздердің еңбексүйгіштіктеріңіз, шығармашылық ізденістеріңіз анық көрінеді. Алдағы уақытта да ел мәдениетінің гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет ете беріңіздер!

Кәсіби мерекеде Сіздерге мықты денсаулық, шығармашылық табыс, жарқын бастамалар тілеймін!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<