Облыс әкімі соғыс ардагерлерін құттықтады

568

0

Фото: облыс әкімдігі

Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ұлы Отан соғысының ардагерлері Төлеген Жүнісовтің және Әбдірахман Бәйтіковтің үйіне арнайы барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын табыстады.

«Біз Отан үшін от кешкен аға буынның ерен ерлігі мен еселі еңбегінің арқасында бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Өскелең ұрпақ ардагерлеріміздің даңқты жолы мен қаһармандық шежіресін үнемі үлгі тұтады» делінген Президент құттықтауында.

Ардагерлерге құрмет көрсетуге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев та барды.
Төлеген Жүнісұлы 1942 жылы қызыл әскер қатарына қабылданып, Украинаны жаудан азат етуде ерліктің ерекше үлгісін көрсетті. Берлинге дейін жеткен майдангер жеңістен кейін елге қайтарылмай, патрульдік қызмет атқарған. 1946 жылы елге оралған соң өз ауылында бейбіт еңбекке араласты. Теміржол саласында жол монтері болды. 1983 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек етті.

Облыс әкімі соғыс ардагерлерін құттықтады

Жауынгерлік ерлігі үшін «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги», «За отвагу», «КСРО қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО қарулы күштеріне – 70 жыл» және бейбіт күнде «Еңбек ардагері», «Астанаға – 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

Бүгінде ақсақал – 2 қыз, 1 ұлынан тараған 8 немере, 2 шөберенің атасы.
Облыс әкімі ізгі тілегін жеткізіп, ардагерге сый-сияпат көрсетті. Аға ұрпақтың егемен еліміздің өсіп-өркендеуіндегі ерекше рөлін атап өтті.

Әбдірахман Бәйтікұлы 1942 жылы Ашхабад қаласындағы командирлер дайындайтын курсқа түсіп, оны аяқтамастан майданға аттанған. 1943 жылы Курск доғасында ауыр жарақат алып, ІІ топ мүгедегі болып, 1944 жылы 20 жасында елге оралған. ҰОС жылдарындағы көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың ІІ дәрежелі медалімен, «Қарулы күштердің 50 жылдығы» орденімен, «Жеңіске 20, 30, 40, 55, 65, 70, 75 жыл», тағы да бірнеше медальдармен марапатталды. 1944 жылы соғыстан оралған соң «Кооператор» (кейінгі атауы «Комсомол») колхозының қой шаруашылығында учетчик, есепші және зейнет жасына дейін бригадир болып жұмыс атқарған. Бүгінгі күні 10 баладан тараған 30 немере, 35 шөберенің атасы.

Айта кетейік, Жеңістің 79 жылдығына облыста арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда мерекелік құттықтаулар, қайырымдылық, әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсету шаралары қамтылған. Бүгінде аймағымызда Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген 3948 ардагер бар. Мереке қарсаңында бюджеттен біржолғы әлеуметтік қолдау көрсетілмек. Облыстағы Ұлы Отан соғысының 4 ардагеріне 2 млн 510 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек төленеді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<