Үш жылдық бюджет Мемлекет басшысы белгілеген тапсырмалар басшылыққа алынды

404

0

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті 40-шы сессиясы өтті. Күн тәртібіндегі мәселеден бұрын аймақ басшысы сессияға қатысушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

– Тәуелсіздік – біз үшін ең қасиетті де қастерлі ұғым! Бұл кезең еліміз үшін өрлеу мен тұ­рақты дамудың дәуірі болды. Тұңғыш Президент – Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен Қа­зақ­стан экономикасы серпінді дамып, саяси тұрақты мемлекет ретінде орныққаны белгілі. Елімізбен бірге Сыр өңірі де алға басып, нығайып, кемелденіп келеді, – деді облыс әкімі. Мұнан кейін аймақ басшысы 2017-2019 жылдарға арналған үш жылдық бюджеттің мерзімі аяқталып, сәй­кесінше, 4 желтоқсанда «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңы бекітілгенін жет­­кізді. Заңдылыққа сәйкес өңір бюджеттерінің базалық шы­ғындарын айқындайтын «2020-2022 жылдарға ар­нал­ған жалпы сипаттағы трансферт­тер­дің көлемі туралы» Заң бекі­тілді. Жалпы сипаттағы трансферт­тердің көлемін анықтаудың басты ерекшелігі 2020 жылдан бастап халық саны 2000 және одан аз елді мекендерде төртінші деңгейлі бюджеттің енгізілуі болып отыр. Біздің өңірімізде 81 ауыл әкімі дербес бюджетін бекітеді.

Аймақ басшысы өз сөзінде 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын қалыптастыру барысындағы бас­ты міндет халықтың әл-ауқатын жақсарту, оның ішінде азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру екенін атап өтті. Сонымен қатар, алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру процесінде көзделген қаражаттың 50%-тен кем емесін азаматтардың өзекті әлеуметтік проблемаларын шешуге бағыттау туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы басшылыққа алынды. Әлеуметтік саланың шығыстары 2020 жылға жалпы шығындар көлемінің 50%-тен кем емес деңгейінде жоспарланды. Келесі жылға облыстық бюджет көлемі 297,3 млрд теңгеге болжамдалуда.

2020-2022 жылдарға арналған жергілікті бюджеттің ерекшелігі – 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Үкімет пен өңірлер арасындағы бюджетаралық қатынастар аясында шағын және орта бизнестен алынатын корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттерге беріледі. Енді жергілікті органдар кәсіпорындардың санын ұлғайтуға және өндірісті кеңейтуге мүдделі болуы тиіс. Яғни, жергілікті шағын және орта бизнесті дамытуға жақсы ынталандыру болады.

Облыс әкімі өңірдің орта мерзімді кезеңге қойылған әлеуметтік- экономикалық даму міндеттерін ескере отырып, үш жылға арналған облыстық бюджет шығыстарының басымдықтары ретінде төтенше жағдайлардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздік, білім, денсаулық сақтау, әлеу­меттік қамсыздандыру салаларына аса мән берілетінін жеткізді.

– Біз үшін халықтың осал топтарын әлеуметтік қор­ғау­ды қамтамасыз ету, еңбек нары­ғындағы тұрақтылықты қамта­масыз ету, жұмыс істейтін халықтың барлық санаттарына жалақыны уақытылы төлеу мәселелері әрқашан маңызды міндет саналады. Елімізде мүге­дектердің құқықтарын қамта­масыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарға сәйкес 2020 жылы әлеуметтік қызметтер порталы енгізіледі. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі адамдар жеке бағдарламалар мен порталда оңалтудың техникалық құралдары бойынша қызметтерді дербес таңдайды, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ, мүм­кін­дігі шектеулі адамдардың құқық­тарын қамтамасыз етуге және оларды жақсартуға респуб­ликалық бюджеттен 944,7 млн, облыстық бюджеттен 820,8 млн теңге қарастырылатынын айтты. Ал аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету жалғасады. Бұдан басқа, атау­лы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кепілді әлеуметтік пакет ұсыну қарастырылған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1300 млн теңге бөлінді.

Облыс басшысы сондай-ақ көлік инфрақұрылымын, агро­өнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті дамытуға қомақты қаржы қара­лып отырғанын мәлімдеді. 2020 жылғы бюджет жобасында 40 жоба бойынша мемлекеттік мін­дет­темелерді орындауға 3,3 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Эко­но­миканың барлық салаларында мемлекеттік-жекешелік әріп­тес­тікті іске асыру жалғасын табады.

21 қараша Бірыңғай (Ұлттық) азаматтарды қабылдау күні аясында облыс аумағындағы 233 пунктте таңертеңгілік 9-дан кешкі 6-ға дейін қабылдаулар ұйымдастырылып, облыс бойынша 689 азамат өз өтініштеріне жауап алған. Облыс әкімдігі ғимаратында облыс әкімі, облыс прокуроры, облыстық судьялар одағының төрағасы, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, қала әкімі, барлық облыстық басқарма және аумақтық департамент басшылары қабылдаулар жүргізген.

– Осы күні өзім де түрлі мәсе­лелермен 71 азаматты қа­был­дадым. Бірден айта кетейін, біз тұрғындар көтерген мәселелерге бей-жай қарай алмаймыз! Өйт­кені, әрбір тұрғын көтерген мәсе­ленің артында адамның тағдыры, жеке тіршілігі, ертеңгі күнге деген сенімі тұр. Сондықтан, аза­маттардың әрбір сауалы жауапсыз қалмайды. Шешімі уақытты қажет ететін және басқа да өзекті сауалдардың барлығы  менің жеке бақылауымда болады, – деді облыс әкімі және бір сөзінде.

Мұнан соң облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай облыс бюджеті туралы хабарлама жасап, депутаттар оны бекітуге дауыс берді. Сондай-ақ күн тәртібіне сәйкес бірқатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар бойынша міндеттемелер бекітілді.

Сессияда «Қызылорда облы­сының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсынысты облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов таныстырды. Облыс әкімі жанындағы марапаттау комиссиясы ұсынылған кандидаттарды талқылай келе, құжат қағидаттарына сәйкес сараптаулар жасалып, облыстың әлеуметтік-эконикалық, ғы­лыми, мәдени, қоғамдық өмір­­дің басқа да салаларының дамуына, қайырымдылық жасау қызметінде, азаматтарды патриоттық рухта тәрбиелеуде, бейбітшілік пен достықты, ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлестері жан-жақты зер­деленгенін жеткізді. Барлық кан­дидаттардың өңіріміз үшін өзіндік орны бар. Деген­мен, комиссия дауыс беру арқылы Көшербаев Қырымбек Елеуұлы, Қайруллаев Қорғанбек Қайруллаұлы, Хұсейн Әмір- Темір Жүсіпұлы кандидатураларын облыстық мәслихаттың сессиясына ұсыну туралы шешім қабылдаған.

Осы орайда облыс әкімі қазақ халқы, оның ішінде Сыр өңірі талантты тұлғаларға кенде еместігін жеткізді. Осындай ардақты тұлғаларды дәріптеу дәстүрі кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Ұсынылып отырған үш азамат та құрметті атаққа әбден лайық. Үшеуі де қайраткерлік қарым-қабілетімен, қадір-қа­сие­ті­мен, білімпаздығымен, өнері­мен еліміздің өсіп-өркен­деуіне, әлемдік деңгейде таны­луына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар. Халық қалаулылары құрметті атаққа ұсынылып отыр­ған азаматтарды қолдап, дауыс берді.

Облыс әкімі депутаттарға арнаған сөзінде бірлескен жұ­мыс­тардың нәтижесінде барлық маңызды салалар бойынша дамудың оң динамикасы қалып­тасқанын, үш жылдық бюджетті жасауда Мемлекет басшысы белгілеген саясатты жүргізуге басымдық берілгенін тағы бір пысықтап өтті. Сонымен бірге, депутаттар тарапынан болған ұсыныстар жан-жақты ескерілген.

Сессия соңында «Туған жер» бағдарламасы аясында облыс елді мекендері арасында өткізілген «Үлгілі ауыл» байқауының қоры­­тын­дысы жарияланды. Жеңім­паз­дарға белгіленген сыйлықтарды облыс әкімі табыстады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<