Облыс орталығын дамытудың негізгі мәселелері қаралды

367

0

Фото: облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Қызылорда қаласын дамытудың негізгі мәселелері қаралды. Атап айтқанда, қаланы абаттандыру, тазалық, көркейту, үйлердің қасбетін ретке келтіру, «Таза Қазақстан» акциясының жүзеге асырылуы, құрылыс және жол құрылысы мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы нысандардың құрылыс сапасын жіті қадағалауды тапсырды. Абаттандыру, көгалдандыру барысына тоқталып, қала әкімі Серік Қожаниязовқа бірқатар тапсырма жүктеді. Әсіресе, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық көліктер жарысын болдырмау, интервалды қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Абай даңғылының Мұратбаев көшесінен облыстық медицина орталығына дейінгі бөлігіндегі жолдың екі бетіне газон төсеу керек. Сондай-ақ, жиында аудан, облысаралық қоғамдық көліктерді және жеке таксилер тұрағын жаңа автовокзалға көшіру жайы талқыланды. Шаһардың сыртқы келбетін жақсарту үшін теміржол вокзалы аумағын абаттандыру, сол маңдағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртын бояу жұмыстары жоспарлануда. Облыс орталығында құрылысы басталған 19 көпқабатты тұрғын үй маңын абаттандыруды, 25 ойын-сауық және спорт алаңының құрылысын 1 шілдеге дейін толық аяқтау қажет. Сонымен қатар, Яссауи көшесіндегі 4 тұрғын үйдің қасбетін әрлеуді 1 шілдеге дейін бітіру тапсырылды.

Аймақ басшысы тұрғындар қауіпсіздігіне ерекше тоқталып, қаланың кейбір көшелерінде құдық беттері ашық тұрғаны анықталғанын ескертті. 10 маусымға дейін құдық беттерін толық жабу, «Қызылорда су жүйесі» мекемесі қызметкерлерінің жалақы қарызын өтеу жөнінде тапсырма берді. Мұнан бөлек, маусым айының бірінші онкүндігінде орталық алаңды абаттандыру жұмыстары да соңына жетуі тиіс. Ал, Яссауи көшесін абаттандыру жұмыстарын 1 тамызға дейін аяқтау қажет.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<