Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүргізу, 2020 жылдың қорытындысы бойынша және 2021 жылға жоспарланған қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы шаралар және «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының 2020 жылы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйіне жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі туралы сөз болды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов баяндама жасады.
Аймақ басшысы жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның денсаулық сақтау қызметіне сенімін арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық шаралар қабылдауды қатаң тапсырды. Бұл бағытта денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектердің сапасын жақсарту және олардың халыққа қолжетімділігін бақылауға алу бойынша тапсырма берді.
Екінші және үшінші мәселе бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басқарма басшысы Ғалия Әлімқұлова баяндады.
Облыс әкімі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында ішкі талдау жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп, анықталған осал тұстарды заңнамалық тұрғыда жетілдіру үшін уәкілетті органдарға ұсыныстар беруді, бағынысты лауазымды тұлғалардың «Adal komek», «Antikor live» жобаларына қатысу белсенділігін арттыруды, әкімдіктерге бағынысты бөлімдерде, кент және ауылдық округ әкімі аппараттарында «Мемлекеттік басқарудың сервистік моделін» енгізу жолдарын қарастыруды және «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, 2020 жылы тиісті заң актілеріне енгізілген реформалардың ерекшеліктерін ұжым қызметшілеріне түсіндіруді жүктеді. Сондай-ақ, қала, аудан әкімдіктеріне және мүдделі басқармаларға квазимемлекеттік секторда комплаенс қызметін үйлестіру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен атқарылатын жұмыстардың жоспарын бекіту қажет екенін айтты.
– «Transparency Kazakhstan» ұйымының жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша талдау жасалсын, көрсетілген тәуекелдерге назар аударылсын, оларды жою бағытында шаралар қабылдансын. Бағынысты қызметкерлердің ішкі тәртібі бақылауға алынсын, әсіресе қызмет көрсетуші мамандар мен құрылым басшыларының кәсіби деңгейін жетілдіру керек. Заңда белгіленбеген артық әкімшілік рәсімдер мен бюрократиялық процестердің болдырмауын қамтамасыз ету маңызды, – деді облыс әкімі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<