Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Оған облыс әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.
Жиында партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған жол картасы қаралды. Аймақ басшысы бағдарламаның негізгі тұстары мен міндеттеріне тоқталды.
– Бағдарламада көрсетілген шаралар тұрғындар қолдауына ие болып, сайлауда партияның басым дауыс алуына мүмкіндік берді. Біздің алдымызда партияның сайлауалды уәделерін іске асыру міндеті тұр. Облыстық партия филиалының сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған жол картасының нақты индикаторларының орындалуы бойынша жауапты депутаттық фракция мүшелерін бекітеміз. Жол картасының әрбір бағытының орындалуына бекітілген басқармалар жауапты болса, фракция мүшелеріне міндеттердің орындалуына бақылау жасау жүктеледі. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Алдағы фракция отырыстарында атқарылған жұмыстар есебі тыңдалады, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында партия филиалының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың жол картасы кеңінен талқыланып, саяси кеңес бюросында бекіту ұсынылды.
Алдағы 5 жылды қамтыған жол картасында 611 көрсеткіш, 1776 іс-шара қамтылған. Оның қатарында жыл сайын мыңға жуық отбасын тұрғын үймен қамту, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 3,5 мың студенттің қоғамдық көліктерде жүруіне әлеуметтік көмек бөлу, 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту көрсеткішін 81%-ке арттыру, балаларды инклюзивті біліммен қамту деңгейін 100%-ке жеткізу қаралған. Сонымен қатар, «Жас кәсіпкер» және «Бастау бизнес» жобасы бойынша жыл сайын 3 мың жасты оқыту, жастардың жұмыссыздығын 3,9%-ке төмендету, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жылына кемі 40 кәсіпкерге жеңілдетілген несие беру секілді халықтың әл-ауқатын жақсартуға, өңірді дамытуға негізделген бастамалар бар.
Жиында жол картасының әрбір бағыты бойынша белгіленген индикаторлардың орындалуына жауапты фракция мүшелері бекітілді. Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасары сайланды. Фракцияның 2021 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<