Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесіп, Қызылорда облысында жүзеге асырылатын жобаларды талқылады.
Аймақ басшысы уран өндіруге қатысты бірнеше өзекті мәселеге тоқталды. Бүгінде компанияның 4 еншілес ірі кәсіпорны («Байкен-U», «Хорасан-U», «Семізбай-U», «РУ-6» серіктестіктері) осы жұмыспен айналысып келеді.
«Біріншіден, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруды ұсынамыз. Жалпы еліміздегі уранның шамамен 20%-ы Қызылорда облысында өндіріледі. Аймақтағы уран өндіруші компаниялардың «Самрұқ Қазына» қорына жыл сайын төлейтін дивидендтері шамамен 44 млрд теңгені құрайды. Ал, қайырымдылыққа небәрі 88 млн теңге немесе дивиденд сомасының 0,2%-ын береді. «Қазатомөнеркәсіп» қайырымдылық мақсаттарына 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлуде.
Қазіргі уақытта облыста қаржыландыруды күткен бірқатар әлеуметтік жобалар бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, мұнай өндіру компаниялары соңғы 10 жылда 15,7 млрд теңгесін қайырымдылыққа жұмсаған. Ауыл шаруашылығымен айналысатын «Абзал и К» компаниясы Н.Ілиясов ауылында жыл сайын әлеуметтік нысандар салады. Ал, уран өндіруші компаниялар негізгі қызметін жүргізетін Байкенже ауылында тек қара жолды жөндеумен, мерекелерде азық-түлік бөлумен шектеледі. Осыны ескеріп, облыстың әлеуметтік маңызы бар объектілері құрылысын қаржыландыруды ұсынамыз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі Шиелі ауданы Еңбекші ауылдық округіне «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы арқылы көпір салу, 2015 жылдан бері «КАП логистикс» серіктестігіне 10 жылға өтеусіз пайдалануға берілген «Самара-Шымкент-Еңбекші» жолының 6 шақырымын күрделі жөндеу қажеттігіне тоқталды. Қуаттылығы жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өңдейтін «СКЗ-U» зауытын кеңейту немесе жаңа зауытты Қызылорда облысына салу мүмкіндігін қарастыру туралы айтты. Мұнан бөлек, Нұрлыбек Машбекұлы 65% іске қосылған «Байкен–U» серіктестігін толық қуаттылықпен жұмыс істеуге көшіруді ұсынды.
Өз кезегінде, «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының басшысы аталған жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.
Айта кетейік, Сыр өңіріне жұмыс сапары кезінде Мейіржан Юсупов «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты өндірістік нысандарды аралап, жұмысымен танысады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<