«Өңірлер барлық резервті пайдалануы керек»

530

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізді.
Бейнебайланыс режимі арқылы өткізілген жиынға Үкімет мүшелері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, қалалар мен облыстардың әкімдері қатысты
.

Мемлекет басшысы өз сөзінде дер кезінде жарияланған қатаң карантин шаралары уақыттан ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік бергенін атап өтті. Өкінішке қарай, Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып кетті.


– Биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары Төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын атап өту қажет. Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мойындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады, – деді Мемлекет басшысы.


Президенттің айтуынша, жергілікті жерлерде тиісті жұмыстар дер кезінде атқарылмай, тиімділігі аз шаралардың қабылдануы салдарынан еңбек ұжымдарында, ірі өндіріс орындарында жаппай вирус жұқтыру ошақтары пайда болды. Атырау облысындағы Теңіз кен орны індет жұқтырудың орталығына айналды. Онда дертке шалдыққан 1222 адам тіркелді. Алматы қаласында тұрғындардың ғана емес, медицина қызметкерлерінің арасында да науқастанғандар өте көп. Елордадағы көптеген мекемелер карантин жағдайының өзінде санитарлық талаптарды сақтамаған. Өңірлердегі ауруханаларда науқастар жататын орынға, медицина кадрларына, дәрі-дәрмекке, медициналық құрал-жабдықтарға тапшылық қатты байқалады.


– Жұмысына салғырт қарағаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа ескерту жасаймын. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялаймын. Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуал­ды реттеу қажеттігін ескертемін. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты. Тиімді ақпараттық жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмеуі де жағдайды ушықтыра түсуде. Біздің халықпен арадағы диалогымыз өз деңгейінде нәтиже бермеді. Ақпараттар легі теріс пікірлердің ықпалында кетіп, дәрігерлердің ерлікке пара-пар еңбектері көрінбей қалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке цифрландыру саласындағы жұмыстарға салғырт қарағаны үшін ескерту берілді.
Мемлекет басшысы Ведомствоаралық комиссияның шұғыл әрі қатаң үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етуге, оның орындалуына мониторинг жүргізуге және бақылауға қауқарсыз болып отырғанын айтты.


– Пандемиямен күрес жөніндегі барлық шешімдерді, оның әлеуметтік және экономикалық теріс әсерлерін жоюды Премьер-Министр басшылық ететін тиісті Мемлекеттік комиссия аясында пысықтауды тапсырамын. Мемлекеттік комиссия ең маңызды деген ресурстардың таралуын бір орталықтан бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Мемлекеттік комиссияға екі күннің ішінде биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізу мәселесі бойынша маған ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.


Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев лабораториялық зерттеулердің тиімділігін арттыруды, реагенттер мен жұмсалатын материалдардың үздіксіз жеткізілуін шешуді, ПТР-лабораториялардың саны мен қуаттылығын арттыруды тапсырды.

– Тұрғындардың лабораториялар маңын­дағы кезектің көптігіне, санитарлық нор­малардың сақталмауына қа­тысты шағым­дануы – әді­летті. Мұның бәрі тіке­лей ауру жұқтыру қаупін күшейтеді. Сон­дықтан вирус жұқтырудың алдын алу және бір орталықтан таратуды қамтамасыз ету, сондай-ақ, есепке қою мақ­сатында ПТР сынамаларын тапсыруды онлайн жазылу немесе Call орталық арқылы жүргізу қажет. Індет ошақтарындағы жұмыстар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде мобильді лабораторияларды ұйымдастыру және мобильді қызметті одан әрі дамыту үшін қаржы бөлу аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев аза­мат­тарды қажетті дәрі-дәр­мектермен қам­тамасыз етіп, емдеудің маңыздылығын атап өтті. Осы ретте проблема­ларды шешу үшін Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне барлық қаржылық және инфра­құрылымдық ресурстарды жұмылдыру тапсырылды.


– Пандемияның екінші тол­қынын ескере отырып, шілденің соңына дейін жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған төсек орындарын 50 пайызға арттыруды тапсырамын. Бұл үшін өңірлер барлық резервті, соның ішінде, жеке және ведомстволық медицина орталықтарын пайдалануы керек. Үкіметке дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін бес күннің ішінде шешуді тапсырамын, – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев мем­лекеттік органдардың коро­на­вирусқа қарсы күрес жөніндегі жүргізіп жат­қан ақ­параттық жұмыстарының маңыз­дылығын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс бастапқы кезеңде жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жібергендей әсер қалдырады.


– Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда. Өкілетті қызмет орындарынан дұрыс жауап ала алмаған тұрғындардан шағымдар көп түсіп жатыр. www.coronavirus2020.kz сайтына қырық мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Қазіргі таңда оның үштен біріне ғана жауап берілді. Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан са­йын қиындатуда, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ақпа­рат­тық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Жауапты тұлғалар өткізетін тұрақты брифингтерді жолға қойып, індет жұқтырған кездегі іс-әрекеттердің алго­ритмі жөнінде халықты нақты әрі сапалы ақпаратпен қам­тамасыз ету жөнінде тапсырма берді.


– Телеарналарда тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, тұрғындардың сұ­рақ­­тарына нақты жауап беретін бағдарламалар ұйым­дастыруға не кедергі? Аза­маттарға емделудің протоколы мен алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер мен оны пайдалану жөнінде түсіндіру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарау және конференция, дөңгелек үстел, салтанатты шаралар, консалтингтік және PR-қызмет секілді қажетсіз шығындардан бас тарту жөнінде тапсырма берілді. Бұл қаржының барлығы эпидемиямен нақты күреске бағытталуы керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бағаны тұрақтандыруға, азаматтарды қажетті азық-түлікпен, жұмыспен қамтамасыз етуге, экономикалық белсенділікті арттыруға және цифрлық технологияны дамытуға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар жүйелі әрі толыққанды орындалуы тиіс. Бұл мәселе әрбір әкімнің ерекше бақылауында болуы қажет.


Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, коронавирус пандемиясының ұзаққа созылуына дайын болуға шақырды. Осыған байланысты орта мерзімді перспективаға арналған қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі ұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды.


– Иә, бұл – қауіпті ауру. Оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. Сондай-ақ жөнсіз әрекетке барып, дәрігерлерге тіл тигізіп, санитарлық режимді бұзуға жол берілмейді. Ал нау­қастанып қалғандар сары­уайымға, пессимизмге салын­бағаны жөн. Ем алумен қатар, ағзаның күші, адамның көңіл-күйі оның құлантаза айығып кетуіне ықпал етеді. Денсаулық сақтау министрлігі және санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен талаптарын естен шығармауды сұраймын. Мұның бәрі мемлекеттің ең бас­ты игілігі – сіздердің, Қазақстан Республикасы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған, – деді Мемлекет басшысы.


Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақыт­жан Сағынтаев, Шымкент қа­ласының әкімі Мұрат Әйтенов, Шығыс Қазақстан облы­сының әкімі Даниал Ахметов сөз сөйледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<