Парламенттің жаңа сессиясында жұмыс қарқыны бұдан да жоғары болады – Президент

489

0

Сурет ашық дереккөзден

Парламенттің жаңа сессиясында жұмыс қарқыны бұдан да жоғары болады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баршаңызды кезекті сессияның ашылуымен құттықтаймын! Жауапты қызметтеріңізге табыс тілеймін! Көктемдегі сайлаудан кейін Парламенттегі саяси партиялардың қатары көбейді. Депутаттар құрамы айтарлықтай өзгерді. Саяси партиялардың фракциялары, бір мандатты округтан сайланған депутаттар да жұмысқа белсене кірісті. Олар көптеген заң жобасына бастамашылық етіп, өзекті мәселелерді батыл көтере бастады. Депутаттарымыз жазда да көп жұмыс атқарды. Небәрі екі айда 1200-ден астам елді мекенді аралап, сайлаушылармен кездесті, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Мен баршаңызға табысты қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа сессияда жұмыс қарқыны бұдан да жоғары болады деп ойлаймын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы жыл сайын халыққа Жолдауын Парламент сессиясының ашылуында жариялайтындығын атап өтті.

«Бүгінде бұл жақсы дәстүрге айналды. Мұның айрықша мәні бар. Себебі дәл осы сәтте және дәл осы жерде билік тармақтарының барлық өкілдері бас қосады. Алдағы орта мерзімдік жұмыстың бағыт-бағдары айқындалады. Нақты тапсырмалар беріледі, жаңа міндеттер жүктеледі. Парламент, Үкімет және басқа да құзырлы органдар тың қарқынмен іске кіріседі. Бір сөзбен айтсақ, мемлекеттік аппараттың үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі үшін бұл іс-шара өте маңызды. Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<