Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Ораловты қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа кезектен тыс өткен XXII съезде партияны жаңғырту жөнінде берген тапсырмаларының орындалуы жөнінде мәлімет берілді.
Асхат Оралов партия Төрағасына Алматы, Шымкент қалаларындағы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жұртшылықпен кездесулердің нәтижелері, сондай-ақ қоғамдық қабылдаулардың жұмыстары жөнінде баяндады. Наурыз айынан бері Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау 6 өңірде, атап айтқанда Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында тұрғындармен кездесулер өткізді. Маусым айының соңына дейін еліміздің барлық өңірінде қабылдауларды жалғастыру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы негізгі бағдарламалық құжаттарды, партия жанындағы қоғамдық кеңестердің қызметін, жергілікті жерлерде сайлауалды бағдарламаның орындалуын тексеруді, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру, сондай-ақ «Ашық партия» тұжырымдамасы аясында «Talqylau» диалог алаңының іске қосылғаны жөнінде баяндады.
Президент тұрғындармен кері байланыс жасау ісін күшейту, аймақтарда депутаттық фракциялардың тиімділігін арттыру және партияның жастар қанатын жаңғырту қажеттігіне баса мән берді.
Мемлекет басшысы азаматтарды толғандырған мәселелерді шешу үшін «Amanat» партиясында барлық қажетті ресурс бар екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, партияның аймақтық филиалдары осы мәселеде негізгі рөл атқаруға тиіс және өз деңгейінде мазмұнды қоғамдық диалогты нығайтуы қажет.
Саланы дамыту маңызды
Президент «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның қазіргі жұмыстары мен қаржылық жағдайы және алдағы кезеңдегі даму перспективалары туралы есеп берілді.
Кездесу барысында Каспий құбыр желісі консорциумына қатысты ахуалға ерекше назар аударылды. Президентке айлақтың жылжымалы құрылғылар жүйесін жөндеу жұмыстарының жуырда аяқталатыны жөнінде баяндалды. Бұл Қазақстан мұнайын Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы тасымалдаудың бұрынғы көлемін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Атырау облысындағы полипропилен шығаратын кешен құрылысының барысы туралы мәлімет берілді. Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, аталған зауыттың құрылысын жуық арада аяқтау жоспарланып отыр. Бұл мұнай-газ химиясының өнімі бойынша Қазақстанның нетто-экспортерге айналуына мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы еліміздің мұнай-газ химиясы саласын дамытудың аса маңызды екенін айтты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<