Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновті тағайындау үшін депутаттардың келісім беруін сұрады.
«Мен бүгін Конституцияның 44-бабаның 3-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісу үшін Олжас Бектеновтің кандидатурасын Мәжілістің қарауына ұсынамын. Бұл кандидатураны әуелі «Amanat» партиясы ұсынды. Мен бұл ұсыныспен келістім. Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалары бойынша білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәртіпті әрі адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы аптадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Министрлер кабинетінің жаңа құрамына жаңа міндеттер жүктелетінін айтты.
«Сіздер келісім берген жағдайда, Үкіметтің жаңарған құрамы табыстарымызды сақтай отырып, Қазақстанды сапалы даму жолына шығару үшін бар күш-жігерін салады деп сенемін. Ертең Үкіметтің кеңейтілген жиыны өтеді. Сол кезде жаңа құрамның алдында тұрған маңызды міндеттерге толығырақ тоқталамын», – деді Президент.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<