Президент Талдықорған іргесіндегі елді мекендерді газбен қамтамасыз етуді тапсырды

767

0

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейін барлық елді мекенді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазір көгілдір отын облыс тұрғындарының 10 пайызына ғана қолжетімді. «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбыры салынып, облыс орталығына газ толық берілді. 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейін барлық елді мекенді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.

Президент сонымен қатар, «Талдықорған – Үшарал» бағытында газ құбырын тарту керектігін айтты.

«Бұл 180 мың адам тұратын Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жеткізуге мүмкіндік береді. Үкіметке осы жобаны қаржыландыруды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев жыл соңына дейін, апатты жағдайдағы көпірлер мен тас жолдардың құрылысын аяқтауды тапсырды.

«Жетісу аймағының транзиттік әлеуеті өте жоғары. Өңірдің бұл әлеуетін толық пайдалану үшін көлік инфрақұрылымын дамыту керек. Алдымен апатты жағдайда тұрған 15 көпірді жақын арада ретке келтіру қажет.Жолдарды күтіп ұстау және жөндеу мәселесі құзырлы мемлекеттік органдардың айрықша бақылауында болуға тиіс. «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тас жолдары салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін жолдың асфальтты қабатын салып бітіру қажет. Құзырлы органдарға жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, келесі жылы толық пайдалануға беруді тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<