«е-өтініш» ақпараттық жүйесі қоғам мен билік арасында үлкен дәнекер болғалы тұр
Елдің арыз-шағым, өтінішін қарау енді жаңа тәртіп, жаңа ерекшелікте жүзеге асатын болады. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен «е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізу бойынша жиында осы мәселе талқыға түсті.
Жиынға ҚР Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова бастаған жұмысшы топ және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты. Жұмысшы топтың құрамында жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдардың – Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, Әділет министрліктерінің, Бас прокуратураның және басқа да мекемелердің өкілдері болды.
Аймақ басшысы «е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізудің өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды.
– Өңірімізде тұжырымдаманы іске асыру жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының базасында, қала мен аудан орталықтарында және ауылдық округтерде «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі енгізіліп, дамыту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енеді. Бұл бағытта да мемлекеттік органдар мен азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, – деді облыс әкімі.
Президент көмекшісі Тамара Дүйсенова «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі мен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің жұмысын кеңінен түсіндіріп өтті.
Президент 2020 жылы 29 маусымда қол қойған ҚР Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексі биылғы 1-шілдеден бастап күшіне енеді (ӘРПК).
Жаңа Кодекс – Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Концепциясының іргелі нормативтік құжаты.
ӘРПК мемлекеттік органдардың өтініш берушілермен жұмыс парадигмасын түбегейлі өзгертеді, атап айтқанда:
Өтініш беруші «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы өз өтінішінің мемлекеттік органдарда қаралу барысын көріп отыруға мүмкіндік алады.
Өтініш беруші дәлелдер келтіру және оларды зерделеуге қатысу және түсініктеме беру, қажетті құжаттарды ұсыну құқығына ие болады.
Өтініш беруші мемлекеттік органнан алған жауабына қанағаттанбаса, онан жоғары сатыда тұрған органға шағым келтіруге, одан кейін шешім қабылдаған мемлекеттік органды талап арызбен сотқа беруге құқығы бар.
Азаматтар мен бизнес өкілдерінің талап арызын арнайы әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың «кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қарайды. Яғни, өтініш беруші емес, мемлекеттік орган өзі қабылдаған шешімінің немесе берген жауабының дұрыстығын дәлелдеп, негіздейтін болады.
Сырғытпа жауап беру мен созбалаңға салу тек орындаушы қызметкердің емес, сонымен бірге бүкіл мемлекеттік органның жауапкершілік айғағына айналады.
Сынықты сылтау қылып, болмашы себептермен талап арыздарды кері қайтару тәжірибесін тоқтату үшін, сот өтініш берушілерге талап арызды дұрыс жазуға көмектесетін болады.
Судья «белсенді» және «сөйлеуші» болады, арызданушыға мүддесін қорғауда көмектеседі.
Әкімшілік әділет жүйесін құру ОЭСР елдерінің озық тәжірибесінде бар және Латвия, Грузия, Молдова, Әзербайжан және басқа елдерде сәтті іске асырылуда.
Жаңа ұстанымдарға сәйкес, азаматтардың өтініштерін қарау жүйесінің инфраструктурасы да өзгертілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Бас прокуратура мен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «е-Өтініш» біртұтас ақпараттық жүйесін әзірлеп, қолданысқа енгізуде.
«е-Өтініш» – өтінішті қараудың бүкіл тарихы сақталатын біртұтас база, ол барлық мемлекеттік және сот органдарына, сонымен қатар өтініш берушілерге қолжетімді болады.
1-шілдеден бастап кезең-кезеңмен «е–Өтініш»-ке өту басталады, ол бойынша азаматтардың өтініштері мемлекеттік органдарға біртұтас ақпараттық жүйе арқылы түседі.
Автор өз өтінішінің қаралу барысын көріп отырады, өтініштерді қарау мерзімі 30-дан 15 күнге қысқартылады.
Қазіргі таңда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 100% ақпараттық жүйеге қосылған, ел көлемінде пилоттық қолдану басталды.
Жаңашылдық жаршысы
Тамара Дүйсенова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттер сарайында Қызылорда қаласындағы ауылдық округтердің әкімдерімен, қала әкімдігі құрылымдық бөлімдерінің басшыларымен кездесті. Делегация құрамында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Әділет министрліктері мен Бас прокуратура өкілдері де бар.
Жиында «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну жұмысын жеңілдетіп, өтінімдерді бақылау ісін жетілдіре түсетіні айтылды. Сондай-ақ Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талқыланды. Президент көмекшісі аталған кодекстің, ақпараттық жүйенің өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды.
– 2021 жылғы 1 шілдеде күшіне енетін кодекстің негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Хабарламалар, ұсыныстар, пікірлер мен сұрау салуларды қарау оңайлатылған әкімшілік рәсімдеу тәртібімен жүзеге асырылады. Кодексте қазіргі уақытта қолданылып жүрген «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңға қарағанда өтінішті мемлекеттік органға келіп түскен сәттен бастап өтініш берушіге жауап жолдағанға дейінгі қарау процесінің барлық кезеңдері, сондай-ақ шағым жасаудың бүкіл рәсімі неғұрлым нақты регламенттелген, – деді ол.
Жаңашылдықтың бірі – өтініш беруші өз өтінішін қараудың әрбір кезеңіне, оның ішінде түпкілікті шешім қабылдауға қатысуға құқылы. Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қарау қорытындылары бойынша белгілі бір шешім шығарылады.
Әкімшілік әділеттілік тәжірибесі шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынып отыр. Ол бүгінде Еуропа, сонымен қатар посткеңестік кеңістік мемлекеттерінде, мысалы, Әзербайжанда бар.
Арызға жауап жүйелі талдаудан өтеді
ҚР Президентінің көмекшісі Тамара Дүйсенова бастаған жұмысшы топ «Достық үйінде» ардагерлер, ҮЕҰ, қоғамдық бірлестіктер, ақпарат құралдарының өкілдері, Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерімен кездесіп, мемлекеттік органдардың жаңа жағдайдағы жұмыс ерекшеліктері туралы айтты.
Өтініш берушілермен жұмыс сапасын арттырудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексіне, ең алдымен, азаматтардың мүдделерін, соның ішінде мемлекеттік органдардың негізсіз және жеткіліксіз уәжделген шешімдерінен қорғауға арналған қағидаттар енгізілген. Азаматтарға мемлекеттік органдардың соңғы шешімі қабылданғанға дейін өз уәждері тыңдалатынына процедуралық кепілдеме бекітілген.
Бұл қадам Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына негізделген. Тамара Дүйсенова кодекстің тұжырымдама аясында шілде айының басынан бастап тәжірибеге енетін алты негізгі бағыттың бірі екенін атап өтті.
– Жаңа кодекс мемлекеттік органдар басшыларымен жан-жақты талқыланды. Облыс, аудан, қала әкімдіктерінің осы форматқа көшуге даярлығын Бас прокуратура, Әділет, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері өкілдері тексеріп, баға берді. Бұл ретте азаматтардың арыз-өтініштерін қараудың жаңа форматына көшу халыққа не береді? Мемлекеттік органдар жұмысы қалай өзгереді? Осы мәселелерді қоғам белсенділерімен де талқылап, пікір алмасуды жөн көрдік, – деді ол.
Құжат былтыр жазда қабылданды. Енді мемлекеттік орган мен жеке тұлға арасындағы дау тиімді шешіледі. Бұған дейін мұндай істер азаматтық соттарда қаралып келген. Ол кезде мемлекеттік ұйымдардың бәсі басым болатын. Жаңа кодекске сай мемлекеттік орган немесе квазисектор өкілдері тек жауапкер болып табылады. Басқаша айтқанда, ең алдымен, мемлекеттік органның арыз беруші алдындағы жауапкершілігі артады.
– Жеке тұлғаның мүддесі қорғалған сот шешімі орындалмаса, жауап беруші тараптардан 20 немесе 50 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржы өндіріледі. Жаңа кодекс күшіне енгенде әкімшілік рәсімдер, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы заңдар күшін жояды. Бүгінде осы мақсатта елде әкімшілік сот құрылуда, – деді Президент көмекшісі.
Мемлекеттік органдардың жауаптары жүйелі талдаудан өткізіледі. Бұл жазылымнан бас тарту фактілерінің жолын кесуге ықпал етеді және нақты салаларда өтініштерді қараудың бірыңғай тәжірибесін қалыптастырады.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдарға жүктемені азайту, типтік жағдайлар бойынша қағазбастылық пен төрешілдікті болдырмау мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы базасында «Нәтиже» орталығының жұмысы енгізілуде. Оның міндеті тек өтініштерді қабылдауда ғана емес, сондай-ақ жүйеде «білім базасын» пайдалана отырып немесе тиісті мемлекеттік органның жауапты қызметкерімен қашықтан қызмет көрсетуді ұйымдастыру жолымен азаматтың мәселесін сол жерде шешілуін қайта өңдеу.
– Мысалы, өткен жылы Президент әкімшілігіне 35 мың арыз келіп түсті. Бұл арыздарды бірыңғай жүйенің болмауына байланысты облыс, қала әкімдіктері, басқа да мемлекеттік органдар көре алмайтын. Сондықтан азаматтардың арыз-өтініштерін қарау кезінде екі мемлекеттік органның берген жауабы бір-біріне қарама-қайшы келіп жататын жағдайлар болды. Осындай мәселелер көп. Жаңа жүйе бұл кедергілерді алып тастауға мүмкіндік береді, – деді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ, алдағы уақытта Facebook секілді әлеуметтік желілердегі арыз-өтініштерді жаңа жүйеге тіркеп, тиісті құзыретті органдарға жолдау, ресми түрде жауап беру жолдары қарастырылып жатқанын атап өтті. Мәселе Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қарауында.
Жиынға қатысушылар «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінің халыққа қолжетімділік мәселесі қалай шешілетіні, республика деңгейіндегі комплексті проблемалар бойынша түскен өтініштерді қарау қалай реттелетіні, тағы да басқа сауалдарына жауап алды.
***
Президент кеңесшісі Тамара Дүйсенова сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығында және Жаңақорған ауданында болып, мемлекеттік органдар жұмысының жаңа жағдайдағы қызмет ерекшеліктері мен өтініш берушілермен жұмыс сапасын арттырудың тың тәсілдерін талқыға салды.
Әрине, бұл жаңа қолданыс бұған дейін бірнеше мемлекеттің іс-тәжірибесінде болған, болып та келе жатыр. Ең маңыздысы, жаңа жүйені алға жылжыту халық пен билік арасындағы ұғыныстың өлшеміне тікелей байланысты. Президент кеңесшісі шегелей айтқан сөз түйіні осыған саяды.
Назерке САНИЯЗОВА,
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<