Президентті жеті жылға сайлау туралы норма бекітілді

665

0

ҚР Президентінің бірқатар құзыреті мен өкілеттігін шектейтін заң қабылданды. Бұл туралы ҚР Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы биыл 16 наурыздағы халыққа жолдауында саяси институттарды жаңарту мәселесін көтерді. Атап айтқанда, президенттің бірқатар өкілеттігін қысқарту, Парламентті күшейту және оны қалыптастыру моделін өзгерту ұсынылды. Сонымен қатар сайлау жүйесін жетілдіру және мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейту керектігі айтылды. Реформаны толыққанды жүзеге асыру үшін алты заң қабылданды. Алдымен президент өкілеттігіне қатысты түзетулер. Президенттің жергілікті атқарушы органдар мен жоғарғы сот кеңесіне қатысты жекелеген өкілеттігі мен Парламент Сенатындағы «президенттік квота» қысқартылды», – деді Алма Мұқанова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, вице-министрдің мәлімдеуінше, президенттің жақын туыстарына лауазымды қызмет атқаруға шектеу енгізілді.

«Сол сияқты Парламент Сенатының депутаттарын, Конституциялық және жоғары сот кеңесінің төрағаларын тағайындау жөніндегі Президенттің өкілеттігін өзгертуге қатысты нормалар көзделген. Президенттің қайта сайлау құқығынсыз жеті жыл мерзімге сайланатындығы туралы Конституцияның жаңа ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған нормалар бекітілді», – дейді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<