Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қармақшы ауданының даму жоспары қаралған кеңесте аудан әкімі Жандос Еркінбек бірқатар жаңа жобаны бастауға ұсыныс білдірді.
Қазір жалпы құны 15,4 млрд. теңге болатын 41 жоба дайын. Оның ішінде, 11 жобаны бірінші кезекте қаржыландыру сұралды. Олар – Дүр Оңғар елді мекенін газдандыру, Тұрмағамбет ауылынан жаңадан 250 орындық мектеп салу, Қуандария және Дүр Оңғар елді мекендерінің электр желілерін жаңғырту және қосалқы станциясын кеңейту.
Сонымен қатар, Жосалы кентіндегі Мырзағалиева көшесінен теміржол өткелін, Қуаңдария және Алдашбай ахун ауылдық округтерінен балабақша, Жосалы ауылдық округінен ауылдық клуб үйі мен спорт кешенінің біріккен ғимаратын, Төретам кенті мен Ақай ауылына айналма жол салу ұсынылды. Тұрғын үйге мұқтаж топтарға 92 үй сатып алу, Жосалы кентіндегі Тәуелсіздік ықшам ауданына су құбырын жеткізу де маңызды. Тірек және спутник елді мекендер қатарына енбеген Көмекбаев ауылдық округінің 2 көшесін, Алдашбай ахун ауылының 3 көшесін, Қармақшы ауылының 3 көшесін орташа жөндеу қажет етіледі.
Аудан әкімі автомобиль жолына қатысты 15 жоба, көшелерді жарықтандыру бойынша құны 355,1 млн. теңге болатын 11 жоба дайын екенін айтты.
Баяндама соңында Жандос Еркінбекұлы жаңадан жоба-сметалық құжат әзірлеуді қажет ететін бірқатар жобаны атап өтіп, жүзеге асыруды ұсынды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<