Қармақшы ауданының әкімі тағайындалды

2062

0

Бүгін Қармақшы ауданында өткен актив отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданының жаңа әкімін таныстырды.

Облыс әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Қармақшы аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Қармақшы ауданының әкімі лауазымына Жандос Еркінбек тағайындалды.

Аймақ басшысы Жандос Еркінбекұлын құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

– Жандос Еркінбекұлының басшылық қызметтегі ұйымдастырушылық қабілеті мен тәжірибесі мол, өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде атқаратын білікті азамат. Сондықтан, Мемлекет басшысының әділетті Қазақстанды дамытудағы жаңа бастамалары мен тапсырмаларын бұлжытпай орындап, Өздеріңізбен бірге туған жері Қармақшы ауданын одан әрі дамытуға аянбай жұмыс жасайтынына сенемін, – деді Н.Нәлібаев.

Қармақшы ауданының әкімі тағайындалды

Сондай-ақ, облыс әкімі осы уақытқа дейін Қармақшы ауданының әкімі қызметін атқарған Әділбек Ерсұлтановты басқа қызметке ауысуымен құттықтап, оған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты болуына сүбелі үлесін қосқаны үшін алғыс білдірді.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков аудан жұртшылығының атынан сөз сөйлеп, жаңа аудан әкімін осы лауазымға тағайындалуымен құттықтады және бұрынғы әкім Әділбек Ерсұлтановқа ризашылығын білдірді.

Еркінбек Жандос Еркінбекұлы 1983 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген.

2004 жылы Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтын «бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын басқару» және 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы әскери қызметтен бастап, 2013 жылға дейін атқарған.

2013-2018 жылдары бірқатар компанияларда түрлі деңгейдегі жауапты басшылық қызметтерде болған.

2019-2021 жылдары Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы, 2021-2022 жылдары Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2022 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.

Қызылорда облысы

әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<