Қатерлі дертпен қырағы күрес керек

220

0

Фото: Akorda.kz

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Онда нашақорлық күрделі әлеуметтік және құқықтық құбылыс ретінде қарастырылып, наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Президент өзекті мәселеге орай бірқатар тапсырма берді.

Кеңесте Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов баяндама жасады.

Әлеуметтік кеселдің белең алуы елімізде де, халықаралық ауқымда да алаңдатарлық күйде. Мемлекет басшысы бұл індет ұлт саулығына қатер төндіретінін атап айтты.

– Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Наркотизм термині мұндай тәсілдің мән-мағынасын ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сарапшылар мен ғалымдардың айтуынша, наркотизм ұғымы нашақорлықтан әлдеқайда кең. Бұл әлеуметтік, экономикалық және құқықтық проблемалармен, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік мәселесімен ұштасып жатыр.

Президент есірткіге тәуелділер емдеу-сауықтыру шараларымен жеткілікті деңгейде қамтылмай отырғанына назар аударып, мәселені шешу қажет екенін мәлімдеді.

– Есірткіге тәуелді жандардың көпшілігі мен олардың жақындары жариялылықтан және жұртшылықтың талқылауынан қауіптеніп, проблемасын жасырады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент аталған індетке қатысты статистикалық мәліметтерді жинау мен өңдеу бағытындағы ақпараттық-сараптамалық жұмысты жетілдіру, сондай-ақ химиялық заттардың таралуын қадағалау мәселелерін тағы бір маңызды міндет деп атады.

Осы ретте нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе, білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді тапсырып, жастар арасында есірткінің насихатталуына жол беруге болмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, интернет және медиа индустрияда тыйым салынған заттар мен ішімдік ішуді дәріптейтін жағымсыз үрдіс белең алғанына тоқталды.

Кеңес отырысында есірткімен байланысты құқықбұзушылықты анықтау, жолын кесу және жазалау жағдайына қатысты кешенді мәселелерге ерекше мән берілді.

– Кез келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек, – деді Президент.

Қ.ӘБІШ