Бүгін аймақ басшысының тапсырмасымен облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов Қазалы ауданы, Кәукей ауылындағы 100 орындық ауылдық клубтың жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен ауыл тұрғындары келді.
Мұрат Жолкелдіұлы мереке қарсаңында жаңа нысанның ашылуына жиналған жұртшылықты Жаңа жылмен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының, Үкіметтің Сыр өңірін айрықша қолдауының арқасында даму қарқынымыз жоғары. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуінде оң тенденция қалыптасты. Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардан көріндік. Жыл бойы серпінді әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму қамтамасыз етілді, мұны макроэкономикалық көрсеткіштеріміз дәлелдейді.
Өздеріңіз білесіздер, биыл «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен «Руханият жылы» жарияланды.
Атаулы жылда әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауқымды шаралар атқарылды.
Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары», балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдайтын «Шығармашылық академиясы» салынуда.
Баршаңызды тағы бір ауыл клубының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы Жаңа жылда әрқайсыңыздың шаңырағыңызға құт-береке қонсын!»,– деді М.Тілеуімбетов.
Жаңа клубта көрермен залынан басқа 11 бөлме бар. Ғимарат сұйық отынмен жылытылады. Мұнда 8 адам жұмыс істейді. Ауыл балалары ән, би, көркемсөз оқу, суретшілер үйірмелеріне қатысады.
Ескі клуб ғимараты 1984 жылы пайдалануға берілген, 2014 жылы апатты жағдайда болып танылған еді.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов бата беріп, сала қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<