Қазалы ауданының Абай ауылы газ желісіне қосылды

129

0

Фото: облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазалы ауданының Абай ауылын газ желісіне қосу рәсімі өтті.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтады.

«Бүгін мерейлі мереке қарсаңында Қазалы ауданында нысандар ашылып, Абай ауылына «көгілдір отын» желісі қосылуда. Бұл – расында да, көптен күткен игілік.
Қазір Қазалы ауданының газдандыру көрсеткіші 65 пайызға жетті. Биыл мұнда 2 млрд. 200 млн. теңгеге 3 жоба жүзеге асуда. Алғашқысы – осыдан бір жыл бұрын басталған Абай ауылын газдандыру жобасы. Жұмыс толық аяқталды, енді ауылдағы 193 тұрғын үй мен 8 әлеуметтік нысан «көгілдір отын» тұтынатын болады.

Қазалы ауданының Абай ауылы газ желісіне қосылды

Екінші жоба – Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылдарына магистральды газ құбырын тарту. Бүгінде жұмыс қарқынды жүруде.
Үшіншісі – Ақтан батыр ауылына орамішілік газ тарту. Бұл жұмыс басталып кетті. Сәтін салса, жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан соң елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 68 пайызға жетпек.

Осы уақыт ішінде Қазалы ауданында 600 шақырымнан астам газ құбыры тартылып, 10 763 тұрғын үй мен 350 мекеме-кәсіпорынға қосылды.

Елдің дамуы ауылдың гүлденуінен басталады. Ал, ауылдың дамуы, келешегі сіздердің еңбекқорлықтарыңыз бен бірліктеріңізге байланысты. Баршаңызға бүгінгі қуаныш құтты болсын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Іс-шарада Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов құттықтау лебізін жеткізіп, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов батасын берді.

Сонымен қатар, ауылдың өсіп-өркендеуі жолында қажырлы қызмет еткен сала мамандары мен ардагерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Газ қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар, алдағы бағыт-бағдар туралы айтты. Әсіресе, қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларға, әр саладағы жаңашылдықтарға тоқталды, кездесуге келушілердің ой-пікірлерін тыңдады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<