«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды

5

0

Президент ұлттық құрылтайдың отырысында балалардың қауіпсіздігін күшейту, зорлық-зомбылықтың алдын алу және олардың заңды құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударып, бұл бағытта нақты әрі жүйелі шаралар қабылдауды тапсырған еді. Осы тапсырма аясында оқу-ағарту министрлігі бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және бірқатар мемлекеттік органмен бірлесіп, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі.

Бүгін үкімет отырысында президенттің тапсырмасымен дайындалған осы «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы ресми түрде қабылданды. Бұл құжат балаларға қатысты мемлекеттік саясатты бір арнаға тоғыстыратын маңызды қадам болды.

Тұжырымдамада білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қолдау және отбасының әл-ауқаты сияқты негізгі салаларда балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты іс-шаралар жоспары қамтылған.

Балалардың қауіпсіздігі әрдайым басты орында. Осыған байланысты тұжырымдама аясында «заң және тәртіп» жобасы республика бойынша кезең-кезеңімен кеңейтіледі. Жоба құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға, сондай-ақ балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған бірыңғай тәсілдерді енгізуді көздейді.

Сонымен қатар еліміздегі балалардың қауіпсіздігін бақылау үшін жасанды интеллект технологиялары қолданылады. Қауіптің белгілері анықталған жағдайда, жауапты қызметтерге жедел хабар беріліп, баланы қорғау үшін қажетті шаралар уақытылы қабылданады.

Цифрлық қауіпсіздік те назардан тыс қалған жоқ. Балалардың, ата-аналардың және педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру, интернетке қолжетімділікті реттеу, соның ішінде түнгі уақытта пайдалануды шектеу шаралары қарастырылған.

Балаларды қорғау жүйесінің сапасы мамандардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Осыған орай барлық мамандарды бірыңғай кәсіби стандарттармен қамту көзделіп отыр. Біліктілік талаптары жаңартылып, дағдарыс жағдайындағы балалармен жұмыс істейтін кейс-менеджерлер институтын дамыту жоспарланған. Сондай-ақ тергеу барысында балалар психологиясын ескеретін арнайы даярлық енгізіледі.

Бұл өзгерістер республика бойынша шамамен 14 мың маманды қамтиды. Олардың қатарында қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметкерлері, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтар бар.

Жалпы алғанда, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар маңызды әрі нақты шара жоспарланып отыр. Бұл – мемлекет үшін баланың тағдыры жай ғана мәселе емес, басты құндылықтардың бірі екенін көрсететін айқын қадам.