Сурет: Ашық дереккөз
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарын аяқтады. Бүгін, 19 ақпанда жеке құрамның екінші тобы елге оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан құтқарушылары 7-19 ақпан аралығында Түркияның үш провинциясының аумағында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Атап айтсақ, Нурдагы ауданында, Газиантеп және Хатай қалаларында азаматтарды үйінділерден шығаруға атсалысты. Сонымен бірге Қахраманмараш провинциясына үздіксіз гуманитарлық көмек жеткізіп отырды.
Апат аймақтарында жұмыс істеген қазақстандық мамандардың саны жүзден асты. Жедел топтың құрамына Астана, Алматы қалаларының, Қарағанды және Ақмола облыстарының мамандары, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері кірді. Іздестіру-құтқару жұмыстары ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың басшылығымен жүргізілді.
Вице-министрдің айтуынша, апат аймағындағы жағдайдың қиындығына қарамастан, жұмыс тәулік бойы жүріп жатты. Жүктелген міндеттер қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, толық көлемде орындалған.
«Төтенше жағдайлар аймағындағы үйінділерде қаза тапқандардың көп болуы, сондай-ақ құтқару-іздестіру жұмыстары қаза болғандардың туыстары мен жақындарының көз алдында жүргендіктен психикалық-эмоционалдық жүгі ауыр болды. Іздестіру-құтқару жұмыстары үздіксіз, тұрақты жүргізілді. Оның үстіне жер сілкінісі қайталанса, құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқандардың өзіне қауіп төнуі мүмкін еді. Алайда біздің мамандар жеке құрамның қауіпсіздігіне қатер төндіретін ықтимал жағымсыз салдардың бәрін ескерді», – деді И.Күлшімбаев.
Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 15-18 адамнан тұратын арнайы топтардың ұйымшылдығы нәтижесінде үйінділерден Түркияның 7 азаматы құтқарылып, қаза тапқандардың 88 мәйіті алынды. Сонымен қатар, 200-ге жуық тұрғынға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Оның ішінде 30-ы әртүрлі жастағы балалар. Мұндайда әр минуттың маңызы зор болғандықтан құтқарушылар тәулік бойы үш ауысыммен жұмыс істеді.
Қазақстандық құтқарушылар зардап шеккендерді іздеу және үйінді астынан аршу жұмысына плита кесектерін көтеріп, арматура кесуге, құрылыс сынықтарын тиеп, аршуға арналған техника мен құралдар пайдаланды. Сондай-ақ, қирандылардан аршылған қуыстарға электр қуаты тартылып, ауызсу берілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарын дыбыстық іздеу құралдары мен кинологиялық топтар айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ, үйінділерден аршылған аумақтарда дала госпиталі жасақталды.
Қазақстандық құтқарушылар Түркия мен Сауд Арабиясының құтқарушыларымен бірлесіп әрекет етті. Әсіресе зардап шеккендерді есептеп, іздеу жұмыстары ұйымшылдықпен орындалды. Жергілікті атқарушы органдармен өзара үйлесімді іс-қимыл мәселелері Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Бұл ретте әр елдің құтқару бөлімшелері арасындағы түсінісу мәселесі Түркияда оқып жүрген қазақстандық студенттердің көмегімен жеңілдеді.
Құтқару операцияларының қорытындысы бойынша Түркия азаматтары, Табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) құтқарушылары, жергілікті атқарушы органдар қазақстандық мамандардың кәсібилігі мен жеделдігіне, адал әрі жанқиярлықпен көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушыларының дайындығы, ұжымдағы тәртібі мен мамандардың батылдығы жоғары бағаланды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<