Қазақстан Үкіметі мен ресейлік «Сбер» арасындағы меморандум жобасы жарияланды

599

0

Қазақстан Үкіметі мен «Сбербанк России» жария акционерлік қоғамының арасындағы меморандумға қол қою туралы Үкімет қаулысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаулыда Қазақстан Республикасының Үкіметі Цифрлық трансформация мен цифрландырудың платформалық моделіне көшуге мүдделі екені айтылған.

«Қазақстандық бағдарламалық қамтылым әзірлеушісі – «BTS Digital» ЖШС (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 40% үлесі бар ERG тобының еншілес компаниясы) цифрлық платформалық шешімдерді жасау ісінде технологиялары, тәжірибесі мен құралдары бар «СБЕР» компаниялар тобының стратегиялық әріптесі болып айқындалды.

Жалпы практикадағы тең құқықтық, ізгі ниет, құрмет пен сенім негізінде әрекет ете отырып, СБЕР компаниялары тобының стратегиялық әріптесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Қазақстан Республикасына тиесілі бейінді ұйымдарының қатысуымен жобаны іске асыру үшін арнайы консорциум құру туралы шешім келісілді», – делінген құжатта.

Меморанудм аясында 2021 жылдың соңына дейін «Сбер», BTS Digital және оның үлестес тұлғасы арасында govtech платформасын мамандандырылған деректер орталығының базасында орналастыру үшін қорғалған динамикалық инфрақұрылым құру туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен «Сбербанк» ЖАҚ арасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен «ҰАТ» АҚ-ға кредиттік желі беру туралы келісім жасалмақшы. Кредиттік желі Ресей рублімен, 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін 500 млн миллион доллар көлемінде беріледі. Құжат бойынша, СБЕР компаниялар тобы ұсынылатын бағдарламаның ақпараттық қауіпсіздігіне, құжаттан тыс функциялардың жоқтығына кепілдік беруі тиіс. Ал GovTech платформасының және ондағы деректердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамына жүктеледі. СБЕР компаниялар тобы Қазақстан тарабына Platform V платформасының компоненттеріне кодтық аудит жүргізу мүмкіндігін береді. Бұл ретте шетелдік техникалық мамандардың GovTech платформасының және «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына қолжетімділігі Қазақстанның мемлекеттік техникалық қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік қызметі қоятын талаптарына сәйкес болуы керектігі айтылған.

«Меморандум тараптар қол қойған күннен бастап күшіне енеді. Меморандумның қолданылуы тараптар құжатта көрсетілген ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша міндеттейтін келісімдерге қол қойған күннен бастап, 2022 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей тоқтатылады. Осы меморандум тараптардың бірінің бастамасы бойынша екінші тарапты отыз күн бұрын жазбаша хабардар ету арқылы кез келген уақытта бұзылуы мүмкін», – деп жазылған қаулы мәтінінде.



 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<