Қазақстанға Албания президенті келді

7047

0

фото: tengrinews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Албания Президенті Байрам Бегайды Ақордада қарсы алды, деп хабарлады turkystan.kz.

Мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында Құрмет қарауыл сап түзеп, оның бастығы Мемлекеттер басшыларына сәлемдік баянат берді. Осыдан кейін Президенттік оркестр екі елдің Әнұрандарын орындады.

Одан әрі Байрам Бегай мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді.

Сонан соң мейман мен Президент Құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді.

Албания Президенті Құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, Қ.Тоқаевпен шағын құрамдағы кездесуге өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 6-8 қыркүйекте Албания Президенті Байрам Бегайдың Қазақстанға ресми сапармен келетінін жазған едік.

«Сапар аясында екі ел басшылары ертең сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізеді.

Сонымен қатар президенттер халықаралық және өңірлік жағдайлар жөнінде пікір алмасады», – делінген еді Ақорда мәліметінде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<