Қонағына жайған жүрек-тілегін, еңбегіне келбеті сай Сыр елім үдеріс пен үнемнің үйлесімі

5

0

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы Сыр еліндегі жарқын бастамаларға үлкен дәнекер болып отыр. Облыс жоспарланған барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді.

Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы сөз болғанда жалпы өңірлік өнім көлемі көрсеткіштерінің өзі де көп нәрсеге көз жеткізеді.

2025 жылдың қорытындысымен жалпы өңір­лік өнім көлемі 3 трлн 700 млрд теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Ал облыс бюджеті 2021 жылмен салыстырғанда, өсім 234 пайызды құрады.

Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, 2025 жылы 4,3 есе артқан.

Мұны жылдам қарқынды үдеріс деп атаса да болады. Әрине, оның астарында тынымсыз еңбек ырғағы мен халықтың ынтымақ-бірлігі жатыр.

Аймақ басшысының облыс тізгінін ұстаған алғашқы күннен қолға алып, қатаң бақылау жасаған жұмысының бірі – облыс бюджетінің орынсыз жұмсалмауы, әр тиынның үлкен ғи­мараттың бір кірпіші сияқты өз орнына қалануы болды. «Қара қазан қайнаса, баршамызға ортақ» деп аталарымыз айтқандай, бұл істің берекесі бесенеден белгілі.

Бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға терең талдау жүргізілді. Нәтижесінде 108 млрд теңге қаржы үнемделді. Оның ішінде, білім саласынан 68 млрд 300 млн теңге, мәдениет және спорт саласынан («Арт-спорт» бағдарламасынан) 15 млрд 400 млн теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 млрд 200 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді (87,9 млрд теңге).

Сонымен бірге, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу барысында 20 млрд 100 млн теңге қаржыны үнемдеу шаралары қабылданған. Атап айтсақ, мектептер жанынан қосымша ғи­мараттар салу, әлеуметтік мекемелерді «Руха­ният» орталықтарына шоғырландыру жұмыстары жүргізілсе, ал демеушілер есебінен жобалардың жоба-сметалық құжаттары әзірленді.

Үнемделген қаражат аймақтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.

«Мемлекет басшысының «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасын кәсіпкер-меценаттар, қоғам­дық қорлар белсенді қолдап, Сыр өңірін көркейтуге өз үлестерін қосып келеді. 2022 жылдан бері кәсіпкер азаматтар аймақтағы жаңа жобаларға 55 млрд теңгеден астам қаржысын салды», – деді облыс әкімі Астанада өткен брифингте.

Біз мұны Сыр азаматтарының ауызбірлікті, елге деген ерекше сүйіспеншілікті жоғары ұстай білген жомарттықтары деп бағалаймыз.

Инвестиция – игілік көзі

2022-2025 жылдары облыс эко­номикасына 2 трлн 341 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал өткен жылы бұл бағыттағы көрсеткіш 774 млрд теңгеден асты. Тағы да салыс­тырмалы 2021 жылмен шендес­тірсек, өсім – 250 пайыз.

Жеке инвестицияның үлесі 72 пайыз, шетелден 280 млн АҚШ дол­ларын құрайтын инвестиция құйылған.

Экономиканы әртараптандыру мақ­­­сатында алдағы үш жылда 2 трлн 800 млрд теңгеге 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Ал 2025 жылы 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 инвес­тициялық жоба іске қосылды.

Мұның мысалдарын келтіре ке­тейік. Жаз айында 5 млрд теңгеге толық автоматтандырылған «Қызыл­орда Саз-М» серіктестігінің кірпіш зауыты ашылды. Зауыт жылына 90 млн кірпіш шығарып, жергілікті құ­рылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етуде.

Жалпы құны 5 млрд 600 млн теңгені құрайтын «Қызылорда Нан» серік­тестігінің нан, кондитерлік-макарон өнімдерін өндіретін кешені іске қо­сылды. Бұған қоса, 753 млрд 300 млн теңгені құрайтын 14 ірі жобаның құрылысы басталуда. Оның да мы­салдарын келтіреміз: 414 млрд 700 млн теңгеге «Шалқия» кен-байыту фабри­касы; 161 млрд 400 млн теңге болатын «Кальцийленген сода» зауыты; 60 млрд теңгеге «Seven Rivers Technologies» компаниясының бөтелке шыға­ратын зауыты; 37 млрд 800 млн теңгені құрайтын оңтүстік кореялық «With you E&C» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдеу зауыты.

«Табиғи тас Қызылорда» серік­тестігі қуаттылығы жылына 1 млн 100 мың тонна әк шығаратын зауытты іске қосу жұмыстарын жүргізуде. Оның құны 17 млрд 300 млн теңге.

Испандық «Roka Group» компа­ниясымен жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде инвестициялық келісім бар. Құны 44 млрд теңгелік, 300-ге жуық жұмысшы мен маманды жұмысқа тартатын мұндай зауыт елімізде алғашқы болып Қызыл­ордадан бой көтермек. Жерлестеріміз бұл игілікке алдағы жылы қол жет­кізеді. Сонымен бірге «Fabe Agro» компаниясы құны 134 млрд 500 млн теңге болатын жылыжай салу жобасын жүзеге асырмақ.

Ал аграрлық-индустриялық клас­тер құру мақсатында 51 млрд теңгеге швейцариялық «Harvest Agro» ком­паниясы техникалық қара сора, жүгері мен сояны өсіру, қайта өңдеу және 40 млрд теңге болатын жүгері дақылын терең өңдейтін крахмал-сірне зауы­тының құрылысын бастап кетті.

Үкімет қаулысымен 2025 жылдың мамыр айында Қызылорда қаласында аумағы 550 гектарды құрайтын «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Аймаққа өндірістік нысандарды орналастыру мақсатында отандық, шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл жерде өңіріміздің өнеркәсіптік логистикалық әлеуетіне сәйкес келетін экономикалық қызметтің 18 түрі іске асырылады. Қазіргі таңда инженерлік инфра­құры­лыммен қамтамасыз ету жұмыстары басталды.

Міне, жарқын өмірдің жаңа бей­несін көз алдыңызға алып келетін қаншама қарбалас жұмыстың бүгінгі барысы осындай.

Барлық істің басында жақсылық тұр

(кәсіпкерлік, агроөнеркәсіп, инфрақұрылым)

Кәсіпкерлікті қолдауға 2022-2024 жылдары әртүрлі көздерден 203 млрд 81 млн теңгенің 16 мың 634 жобасы қаржыландырылды. Оның 37 млрд 962 млн теңгесі мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапты.

2025 жылы барлық қаржы көз­де­рінен 40 млрд теңгеге жеке кәсіп­кер­ліктің 2 мың 464 жобасы қаржы­лан­дырылды. Нәтижесінде  кәсіп­­кер­лік­тің эко­но­микадағы үлесі 21 пайыз­дан асты (2022 ж. – 19,1%, 2023 ж. – 19,9%, 2024 ж. – 22,7%).

2023-2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы аясында 100-ден аса елді мекендерде 6 млрд 828 млн теңгеге 943 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 1303 жұмыс орны ашылды.

Облысымыздың негізгі саласы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға соңғы 3 жылда 43 млрд теңге қаржы бөлінді. Шаруашылықтар есебінен 58,2 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Сала бойынша 11 млрд 600 млн теңгені құрайтын 16 инвестиция­лық жоба жүзеге асырылды.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 233 млрд 442 млн теңгеге жетті.

Аймақтың дамуына «Абзал және К» ТС сынды ірі құрылымдардың қо­сып отырған үлесі де қомақты. Н.Ілияс­ов ауылында күріш егіп, алынған өнімді компания зауытында өңдейтін еңбек ұжымы өнімдері қазақстандық нарықпен қатар Ресей, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия, тағы басқа елдерге сатылады.

Сонымен бірге «Абзал и К» ТС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ұзақ жылдан бері елді ме­кеннің әлеуметтік-экономикалық да­муына инвестиция салып келеді.

«Ауылда жастардың жұмыс іс­теуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды кө­бейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қара­жатымыз да жетеді. Кәсіп­керлермен кездескенімде елді мекен­дерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет», – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне келген сапарында.

Облысымыздағы бір ауылдың тұтас елге үлгі болуының өзі Сыр хал­қының ынтымағының, ежелден келе жатқан еңбек дәстүрінің беріктігі болса керек. Бұған қоса мемлекеттен лайықты қолдау көрсетілудің де нәтижесі екені анық.

Мемлекеттік қолдаудың аясында облысымызда 2022-2024 жылдары 21 млрд 800 млн теңгеге 647 дана техника алынды. 2025 жылы 4 млрд 700 млн теңгеге машина-трактор паркі 139 ауыл шаруашылығы техника­ларымен толықтырылды.

Президенттің тапсырмасына сәй­кес, облысқа Премьер-министр бас­таған Үкімет делегациясы арнайы ке­ліп, шаруалардың жағдайымен, егістің жай-күйімен танысты. Нәти­же­сінде Төтенше жағдайлар министрлігі тара­пынан еліміздің барлық өңір­лерінен 139 қызметкерден құралған жеке құрам көмекке жеткізіліп, 2 ай бойы егінді сақтап қалуға жұмыс жасады.

Мемлекет басшысының тапсыр­масымен Үкімет резервінен 53 насос қондырғысы алынды. Дер кезінде қа­былданған шешімдердің негізінде егін алқаптары толығымен сумен қам­тамасыз етілді. Өткен жылы диқандар күріш егістіктерінің 60 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізді. Өнімділік 30 пайызға артты.

Өңірдің өсімдік шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу техно­логиясын кеңінен енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларына ал­дағы 3 жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл 10 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылды.

Өткен жылы су үнемдеу техно­логияларын пайдалану көлемі 8 мың 100 гектарға жеткізіліп, 2024 жылмен салыстырғанда 2 есеге артты (2024 жылы – 4,4 мың гектар).

Облыстың 3 ауданында (Шиелі, Қазалы, Арал) шетелдік компа­ния­лардың қатысуымен су үнемдеу техно­логияларын қолдану арқылы жүгері, жоңышқа дақылдарын егу бойынша 3 ірі жоба жүзеге асуда.

2025 жылы 189 мың 600 гектарға егін егілді. Негізгі дақыл – күріштің әр гектарынан 58,1 центнерден өнім алынып, 470 мың тоннаға жуық астық жиналды.

Ел Президентінің қолдауымен Қызыл­орда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығы салынды. Оны «Акса Энерджи» түрік инвесторы іске асырды.

Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған маңызды ірі жобалардың бірі. Жаңа орталық 240 мегаватт электр қуатын, 277 гигакало­р­ия жылу энергиясын өн­діреді. Орталық өңірімізді қажетті электр энергиясымен толық қам­та­ма­сыз етіп қана қоймай, бір бөлігін ай­мақ­тан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді.

Қандай істің қабатында да халықтың жайлы өмірі, әлеуметтік әлеуеті басты орында тұрады.

Қызылордалықтар арманына айналған көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету ісінің игілігін көре бастады. Бұған 26 млрд 200 млн теңге қарастырылған.

Әркімнің үйінде төбеме құлап кете ме екен деген кемі 50 литрлік су жылытқыш құрылғылар тұратын. Енді қалалықтар бұл қауіптен құтылады және электр қуаты үнемделеді.

2022-2024 жылдары өңірде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 78 ауылда әлеуметтік, инженерлік инфрақұ­рылымдарды дамытуға бағытталған 31 млрд 600 млн теңгеге 343 жоба жүзеге асырылды.

2025 жылы 15 млрд 155 млн теңгеге 41 елді мекенде 66 жоба іске асырылды (республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен 5,5 млрд теңге).

Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес барлық елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған са­палы ауызсумен қамтамасыз етілді.

Аймағымызда 2022-2025 жылдар аралығында 65 млрд 100 млн теңгеге 77 жоба жүзеге асырылып, газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетті.

Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 2022-2025 жылдары 24 млрд 200 млн теңгеге 71 жоба жүзеге асырылды (нәтижесінде өңірі­міздегі электр желілерінің тозу деңгейі 60,8 пайызға төмендеді).

Өңіріміздегі ең қарқынды жұмыс­тың бірі – көшелер мен жолдардың жаңғыртылуы.

2022-2025 жылдары 1600 шақырым автомобиль жолдары мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қала­сын­дағы 270 көше жөндеуден өтіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті.

Жақында ғана «Қызылорда-Жез­қаз­ған» автомобиль жолының облыс аумағындағы 192 шақырымы қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілді.

«Атты жол сынайды, адамды жолдастық сынайды» демекші, бүгінде Қызылордаға сырттан келгендер жол жайлылығын айтып, тамсанып жүр.

4 млрд 588 млн теңгеге Арал, Жаңақорған аудандарында теміржол үстінен өтетін көпірлер пайдалануға берілді.

Қызылорда қаласындағы темір­жоласты автожол құрылысы қарқынды жүргізілуде, жақын арада ел игілігіне табысталмақ.

Биыл 5 млрд 515 млн теңгеге Қар­мақшы ауданында теміржол арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталмақ.

Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы бағытындағы авто­мобиль жолын 4 жолақтыға ауыстыру бойынша демеушілер есе­бінен 350 млн теңгеге жоба әзірленіп, бұл күрделі жұмыс та қолға алынды.

Екінші бөлігі – Ақтөбе шекарасына дейінгі 462 шақырымның техникалық- экономикалық негіздемесі әзірленді. Жоба құны 832 млрд 812 млн теңгені құрайды.

Президентіміз Жолдауында «Сек­сеуіл-Бейнеу» автомобиль жолының құры­лысын жеделдетуді тапсырған болатын. Автожолдың жалпы ұзын­дығы 559 шақырымды құрайды. Оның 189 шақырымы Арал ауданының бір­қатар ауылдары арқылы өтетіндіктен (Сексеуіл, Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман) өңірдің ең шеткі елді мекендерінің жол қатынасы жақ­саратын болады.

Соқ, еңбек балғасы

(көлік-логистика мен құрылыс)

Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы ел игілігіне пайдалануға берілді. Жобаны іске асыруға 16 млрд 700 млн теңге жеке инвестиция тартылды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуни­ка­ция­лық инфрақұрылым тартуға 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат бө­лінді. Жаңа терминалда халықаралық стан­дартқа сәйкес жолаушыларға бар­лық қызметтер сапалы түрде көрсе­тілуде.

Әрине, мұның бәрі біріншіден, Мемлекет басшысының қолдауы нәти­жесінде іске асырылды.

Сырдарияның сол жағалауында жаңа ғимараттардың бой көтеріп, көз тартуы қаланы ерекше кейіпке айнал­дырды. Осы сол жағалаудан 975 млн теңгеге заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынды. Қазір бұл жерден өзге өңірге қалааралық автобустар қатынайды.

«Қазақстан темір жолы» ком­па­ния­сы мен жергілікті кәсіпкерлердің де­меушілігімен 600 млн теңгеден астам қаржыға облыс орталығындағы темір­жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Қазалы, Төретам, Шиелі, Жаңақорған аудандарында вокзалдар күрделі жөндеуден өткізіліп, Арал, Сексеуіл, Жалағаш, Тереңөзек вокзал­дары қайта салынуда.

Облыс орталығына 300 жаңа автобус алынып, қоғамдық көлік мәсе­лесі толығымен шешімін тапты. Облыс­тық бюджеттен бөлінген 1 млрд тең­геге 100 экотакси сатып алынып, қала­лықтарға сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Сыр еліндегі ең қарқынды, тоқтау­сыз жүргізіліп отырған жұмыстың бірі – құрылыс. 2022 жылдан бері өңірімізде 200-ге жуық әлеуметтік нысан салы­нып, ел игілігіне берілді.

2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған 5 мыңнан аса тұрғын қоныс тойын тойлады. Соңғы 3 жылда алғаш рет барлық аудандарда тұрғын­дарға жаңадан 1800-ге жуық пәтер кіл­ті табыс етілді. Ал өткен жылы 3600 пәтерлі тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінді.

Білім беру саласында бірегей жобалар іске қосылды

Облыста білім беру саласына 2022-2024 жылдары 812 млрд 245 млн теңге бөлінсе, өткен жылы 346 млрд 800 млн теңге қаралған. Айта кетейік, 2024 жылы аймақта қарқынды құ­рылыс болып, 31 млрд 800 млн теңгеге жаңа­дан 13 білім беру ұйымы ашылды.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге бүгінгі заман талабына сай 10 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 2023 жылдан бері 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат бой көтеріп, үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Тағы бір игілікті іс, кәсіпкерлердің демеушілігімен Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апаттық мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңадан білім ошағы, «Білімді қолдау қоры» арқылы 2 млрд 333 млн теңгеге Мергенсай ауы­лында салынған 150 орындық мек­теп, 8 млрд 400 млн теңгеге физика-мате­матика бағытындағы мектеп-интернаты салынды.

Облыс орталығынан 11 млрд теңгеге бой көтерген балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұл­дыздары» академиясының ашылуы білім алушыларға арналған бірегей жоба десек қателеспейміз. Айта ке­тейік, аймаққа келген сапарында Мем­лекет басшысы академияның жұмысын көріп, жоғары баға берді.

Саладағы серпінді бастамалар қа­тарында 3 млрд теңгеден астам қар­жыға 3 ауданда «Оқушылар үйі» мен «Өнер» мектептері пайдалануға беріл­генін атап өткеніміз жөн.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық ком­паниясының демеушілігімен Қызыл­орда қаласында салынған 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы» бүгінде балалардың игілігіне қызмет етуде.

Шаһардың сол жағалауынан 4 млрд 800 млн теңгеге сәулеті келіскен музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы ел игілігіне табысталды. Бұл өнер жолын таңдаған түлектерге ерекше қолдау болды.

Бұдан бөлек, Президент саябағында 10 млрд теңгеге 300 орындық жыл бойы жұмыс жасайтын заманауи балалар тынығу лагері бой көтеруде. Саябақта 5 млрд теңгеге Ботаникалық білім беру орталығының ғимараты салынуда. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында 5 млрд 200 млн теңгеге жұмысшы мамандарды даярлауға арналған «Құзыреттілік орталығы» ғимаратының құрылысы басталды.

Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сын орындау мақсатында Корея Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Сеул ұлттық ғылым және технологиялар универ­си­тетімен жүргізілген келіссөздер аясын­да 2023 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект инс­титуты ашылып, қызмет көрсетуде.

Денсаулық сақтау саласын дамытуда серпін бар

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңі­ріміздің барлық ауданында 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан пайдалануға берілді. Ал Қы­зыл­орда қаласында 54 млрд 321 млн теңгеге 300 орындық көпбейінді ауру­хана салынуда. Сонымен қатар, 5 млрд 400 млн теңгеге 4 аудандағы орталық ауруханалар жанынан жаңа қосымша ғимараттар, екі ауданда 4 млрд 500 млн теңгеге жұқпалы аурулар бөлім­шесінің жаңа ғимараттары бой көтерді.

Облыс орталығында 48 млрд 500 млн теңгеге 200 орындық перинатал­дық орталық ғимараты мен 14 млрд 780 млн теңгеге 500 орындық емхана салуға Үкіметпен келісім жасалып, тиісті қаулы қабылданды. Жақын күн­дері аталған нысанның, 10 млрд тең­геге 400 орындық емхананың құры­лысы басталады. Сондай-ақ тұрғындар сұранысына сәйкес кейінгі  2 жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд 400 млн теңгеге 225 жаңа санитарлық авто­көлік, 45 жедел жәрдем көлігі алынып, пайдалануға берілді. Аймақтағы ден­саулық сақтау ұйымдарының жаб­дықталу деңгейі 90,2 пайызға жетті. (Республикалық деңгей 85,6%).

Медицина саласы мамандарының білімін жетілдіріп, тәжірибесін толық­тыруына да лайықты қолдау бар. Атап айтсақ, 2024 жылы 15 дәрігер маман Түркияның жетекші меди­циналық клиникасында тәжірибе алмасса, 2025 жылы 41 медицина қызметкері Гер­мания, Ресей, Литва, Беларусь елде­ріндегі үздік дәрігерлік клиника­ларында біліктілік арттырды.

Мәдениет пен руханияттың маңызы ерекше

2022 жылдан бері өңірімізде 22 мәдениет нысаны жаңадан бой көтерді. Атап айтқанда, барлық 7 ауданда 11 млрд 500 млн теңгеге «Руханият» орталықтары, Қызылорда қаласында «Отбасы орталығы», «Анаға тағзым» орталығы, көпфункционалды мың орындық «Өнер орталығы» салынып, ел игілігіне табысталды.

Өткен жылы Қызылорда қаласы­ның астана болғанына 100 жыл то­луына орай 2 млрд 300 млн теңгеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің заманауи жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Биыл Ассамблеяның 30 жыл­дығы аясында Қызылорда қала­сында «Қазатом­өнеркәсіп» ұлттық компания­сының» қолдауымен 3 млрд 800 млн теңгеге жаңа «Достық үйі» салынды.

Мәдениет саласының өкілдеріне көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 қызметтік пәтер табысталғаны сала мамандарына деген ерекше қолдаудың үлгісі болды.

Саладағы серпінді жұмыс­тардың көрінісі, жаңадан сим­фо­ниялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары құрылды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді, жыраулық дәстүр өкілдерінің отауы – «Жыраулар үйі» ашылды. Тағы бір тың бастама, жыл сайын мәдениет, өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақ­сатында «Тұран» сыйлығын табыстау дәстүрге айналды.

Бұған дейін Астана, Алматы қалаларында Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өткізілген болатын. Ал өткен жылы ағартушы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында облыс­тың өнер күндері ұйымдас­тырылды.

Өнер майталмандары Наурыз мерекесін, еліміздің салт-дәстүрлерін халықаралық деңгейде насихаттап, Испания, Финляндия, Эстония ел­дерінде маңызды шаралар өткізді.

Ұлттық мереке – Республика күніне орай Швейцарияның бірқатар қала­сында Қызылорданың мәдениет және өнер күндері өтті.

Спорт: 11 мың орындық стадион

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақтарда спорт инфра­құрылымын, оның ішінде ста­диондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес өткен жылы Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион салынды. Жалпы 2022 жылдан бері аймақта 23 спорт кешені бой көтеріп, ел игілігіне табысталды.

Қонағына жайған жүрек-тілегін, еңбегіне келбеті сай Сыр елім үдеріс пен үнемнің үйлесімі

Облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі – аумағы 25 мың шаршы метр, құрылысына 20 млрд 500 млн теңге бөлінген көпбейінді «Қы­зылорда Арена» спорт кешені. Сондай-ақ «СамұрықҚазынаТраст» қорымен бірлесіп, 3 млрд 400 млн теңгеге «Теннис орталығы» ашылды.

Президенттің бастамасымен құ­рылған «Қазақстан халқына» қоры­ның қолдауымен 2 ауданда жаңа спорт кешендері салынды. Бұдан бөлек, 2 млрд 900 млн теңгеге Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі жан­дарға арналған инклюзивті спорт орталығы пайда­лануға берілді.

Жергілікті кәсіпкерлердің демеу­шілігімен 1 млрд 600 млн теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды.

«Таза қазақстан»: Қызылорда – ең таза қала!

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында аймағымызда көркейту-көгалдандыру, елді мекендерде абаттандыру жұ­мыстары қарқынды жүруде.

Нақтырақ айтсақ, өткен жылы 6 млрд 300 млн теңгеге Қызылорда қаласындағы мәдени-демалыс паркі, 1 млрд 64 млн теңгеге Қорқыт ата мемориалды аллеясы, 15 млрд теңгеге Президент саябағы қайта жаңғыртудан өтті. Аталған демалыс орындары тұр­ғын­дардың серуендеп, тынығуына тұ­рақ­ты түрде қызмет ететін қаладағы жайлы, көрікті орындардың біріне айналды.

Бүгінде Президент саябағы қа­сынан 20 млрд теңгеге бес жұлдызды қонақүйдің құрылысы жүруде. Сондай-ақ 9 млрд теңгеге саябақтан Сырдария өзені үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынады.

Жалпы «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасы аясында кәсіп­кер-меценаттар, қоғамдық қорлар Сыр өңірін көркейтуге өз үлестерін қосуда. Соның көрінісі, 2022 жылдан бері аймағымызда кәсіпкерлер демеу­шілігімен 55 млрд теңгеден астам қаржыға жаңа жобалар жүзеге асуда.Бұл бағыттағы маңызды бас­таманың бірі – облыстық «Үлгілі елді мекен» конкурсы 2023 жылдан бері тұрақты өткізілуде. 2023-2025 жылдар аралы­ғында облыстық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлініп, үлгілі ауылдарға 67 арнайы техника табыс­талды.

Айта кетейік, «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша Нағи Ілиясов ауылы еліміздегі үздік 5 туристік ауылдың қатарына енді.

Осындай табанды жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда облысының тазалығы еліміздің барлық өңіріне үлгі болып тұр десек, артық айтқандық емес. Бұл – қаламызға сырттан келген меймандардың бағасы.

«Сыр бойының» тілшілер тобы