Топ-баннер2

«Қызылорда-Ақтөбе» бағыты: Төрт жолақты жол құрылысы басталды

7

0

Фото: облыс әкімдігі

2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, облыстағы бірнеше кәсіпорында болды. Еңбек адамдарымен кездесіп, ел ішіндегі көп бастамаларға қолдау білдірді. Соның бірі Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі автомобиль жолын төрт жолақтыға ауыстыру мәселесі болатын. Сол сапарда Мемлекет басшысы бұл жұмыстарды жедел бастауды Үкіметке тапсырғаны халық есінде. Тіпті аталған ірі жол құрылысын қайта кеңейту жайын Президент Қызылорда төрінде өткен Ұлттық құрылтайда да тағы пысықтағаны бар.

Ал күні кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің «Қызылорда-Ақтөбе» бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталды.

Бұл – жай жол құрылысы емес, өңір дамуына, тұрғындардың өмір сапасының артуына сеп болар әрі елдегі қалааралық байланысты жалғайтын ірі инфрақұрылымдық жоба. Аталған жұмыстың құрылысын жүргізуде демеушілер есебінен 350 млн теңгеге техника-экономикалық негіздеме әзірленді. Жалпы 487 ша­қырым жолға мемлекеттік сарап­тамадан оң қорытынды алынды.

Рәсімде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты республикалық маңызы бар авто­мобиль жолы құрылысының бас­та­луымен құттықтап, жол-көлік инфра­құрылымын дамытуда атқарыл­ған жұмыстарға тоқталды.

– Биыл – еліміз, өңіріміз үшін тарихи маңызды жыл. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қа­ла­мызда өткен Ұлттық құрыл­тай­дың қорытынды бесінші отыры­сында «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, Cыр өңі­рін­де атқарылған жұмыстарға оң баға­сын берді. Облысымыздың әлеу­меттік-экономикалық дамуына, тұр­ғын­дарымыздың әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған бірқатар жаңа ірі жобаның жүзеге асырылатынын, оның ішінде «Бейнеу-Сексеуіл» бағы­тындағы жол құрылысы биыл қолға алынатынын, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда-Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасы басталатынын айтты.

Президентіміз «Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын еліміздің, жалпы көлік-транзит саласында зор мүмкіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт» деген болатын. Осы мақсатта өңірімізде белсенді жұмыстар атқарылуда.

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше қолдауымен 2022-2025 жыл­­дары аймағымыздағы 1600 ша­­қырым автомобиль жолы мен көше­лерді, 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 95 пайызға жетті. Биыл да жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 56 жобаға бюджеттен 37 млрд 845 млн теңге қаралған. Бұл қаржыға 136 шақырым жол мен көпір өткелдері жөндеуден өтеді.

Өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызы зор жобалардың бірі «Қызылорда-Ақтөбе» бағытындағы жолды төрт жолақтыға кеңейтудің бірінші кезеңін бастаймыз. Құрылысы басталғалы тұрған автожол өңірдің өркендеуіне, халық игілігіне қызмет ететін маңызды көлік дәлізіне айналсын! Жүргізушілер мен жолаушыларға әрдайым ақ жол, сәт сапар тілейміз, – деді облыс әкімі.

Жол құрылысын ашу шара­сында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Дархан Иманашев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев ізгі тілегін жеткізді.

– Осыдан 4 ай бұрын «Қызылорда-Жезқазған» жолының осы аймақтағы бөлігінің ашылуында кездесіп, қуанышты бөліскен едік. Қазір де Сыр елінде басталғалы тұрған ірі жобаның басында тұрмыз. Аталған құрылыстың, яғни Қызылорда мен Ақтөбе арасындағы төрт жолақты жолдың ұзақтығы 1100 шақырымды құрайды. Жалпы біздің ұлттық компания Президент тапсырмасымен ел бойынша 3400 шақырым жаңа жол құрылысын жүргізеді. Бұған 5 трлн теңге қаражат бөлінбек. Оның 30 пайызы Қызылорда облысына тиесілі. Қызылорда мен Ақтөбе арасындағы жол құрылысы төрт жобадан тұрады. Олар – «Қызылорда айналма жолы», «Қызылорда-Сексеуіл», «Сексеуіл-Ұлғайсын» және «Ұлғайсын-Ақтөбе» нысандары. Айта кетейін, Ақтөбе қаласынан бері қарай жол салу жұмысы алдағы бір айда басталып кетеді. Екінші бір қуанышты жаңалық, бұрын болмаған «Бейнеу-Сексеуіл» жобасы Қазақстан тарихындағы ең алғашқы жоба дер едім. Көп ұзамай басталатын 559 шақырымдық жаңа жол еліміздегі тың құрылыс болмақ, – деді Дархан Иманашев.

Жалпы «Қызылорда-Ақтөбе» бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасы біздің өңірде екі кезеңмен жүреді. Алғашқысы – 26 шақырымдық Қызылорда қаласының айналма жолын салу.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықовтың сөзінше, аталған жолға 46 млрд теңге қаржы қаралыпты. Мердігер мекеме – «Қыран» компаниясы. Екінші кезең – Қызылорда қаласынан басталып, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының сыртымен айналып өтіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне қосылатын 462 шақырымдық жол. Мұның қаржысы 880 млрд теңгеге жуықтайды. Ал құрылысты 2028 жылдың соңында аяқтау межеленген.

Ресми деректерге сүйенсек, жаңа автодәліз бойына жаңа­дан 11 көпір, 13 жол өткелі, 62 үй жануарларына арналған өткел мен 399 су өткізгіш құбыр салынады. Жолаушылар мен жүргізушілерге арналған заманауи сервистік қызмет көрсететін кешендер бой көтеріп, шағын және орта бизнестің дамуына да мүмкіндік туатыны сөзсіз. Сондай-ақ жол ІІ санаттан І санатқа ауысып, көлік қатынасын жеңілдетіп, ауыр жүк тасымалын күшейтпек.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»