Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы таныстырылды. Мәжіліске Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Қазбек Ташимов арнайы қатысты.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының бұйрығымен Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы лауазымына Апетов Ерсұлтан Амантайұлы тағайындалды. Облыс әкімі жаңа басшының жауапкершілігі зор қызметіне игі тілектестігін білдірді.
«Ерсұлтан Амантайұлы – өңірдің ауыл шаруашылығы, ветеринария саласымен етене таныс, мемлекеттік қызметте сатылап өскен білікті кадр, білімді маман. Жаңа қызметінде аймақтағы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыратын болады. Әріптесімізді құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тілейміз!», – деді Н.Нәлібаев.
Апетов Ерсұлтан Амантайұлы 1974 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.
Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде «Мал дәрігері» және «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтында «Экономика» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 1997 жылы Жаңақорған ауданы «Қожакент» шаруа қожалығында мал шаруашылығы маманы болып бастаған. 1998-2010 жылдары Қожакент ауылдық округі әкімі аппаратының маманы, Жаңақорған аудандық мал дәрігерлік станциясының дәрігері болған. 2010-2015 жылдары Жаңақорған аудандық аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы, 2015-2021 жылдары облыстық ветеринария басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
2021-2024 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметінде ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуында оң динамика қалыптастырып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуде нәтижелі еңбек етті. 2024 жылдың наурыз айынан осы кезге дейін облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<