Қызылорда облысында 2 аудан әкімі сайланады

533

0

Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс VI сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.

Мәслихат сессиясының күн тәртібінде Қызылорда облысы бойынша аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауын өткізу үшін пилоттық аудан және облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін бекіту, сайлау өткізетін күнді белгілеу туралы екі мәселе қаралды.

Президент бастамасымен іске қосылған ауыл әкімдерін тікелей сайлау демократиялық үрдісінің қисынды жалғасы – аудан әкімдерін сайлау.

«Әкімдер сайлауы – Мемлекет басшысының басты реформаларының бірі. Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылдан бері аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы жүйелі өткізіліп келеді. Екі жылда облыс бойынша 100 әкім сайлауы өткізіліп, нәтижесінде 54 әкім жаңадан сайланды.

Ендігі қадам – Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда атап өткендей, аудан әкімдерінің пилоттық сайлауы.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына сәйкес пилоттық өңірлердің тізбесін және аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды өткізу күнін белгілеу туралы мәслихаттың шешімі сайлау тағайындауға негіз болады.

Бүгін Сіздермен қабылданатын шешім халықтың билікке деген сенімін күшейтуге және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Бұдан кейін, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық мәслихаттың депутаты А.Оңғарбаев ұсыныс енгізіп, сессияға қатысқан 23 депутаттың бірауыздан дауыс беруі арқылы, пилоттық сайлау өтетін аудандар айқындалды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық мәслихаттың төрағасы Н.Байқадамов «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына сәйкес аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды тиісті аумақтық сайлау комиссиясы мәслихаттың шешімімен белгіленген, аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды өткізетін күнге дейін кемінде елу күн бұрын тағайындайтындығын хабарлай отырып, сайлау күнін белгілеу бойынша ұсыныс енгізді.

Мәслихат шешімімен Шиелі және Сырдария аудандарында пилоттық аудан әкімінің сайлауы өтетіндігі айқындалып, сайлауды өткізу күні 2023 жылғы 5 қарашаға белгіленді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<