Қызылорда облысының экономика және қаржы басқармасының басшысы тағайындалды

719

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі негізінде, облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының экономика және қаржы басқармасының басшысы лауазымына Мүбараков Қамбарбек Амангелдіұлы тағайындалғанын хабарлады.

Аймақ басшысы Қамбарбек Амангелдіұлын құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

«Қамбарбек Амангелдіұлы – аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен етене таныс, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтіп, басқарушылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған әлеуеті жоғары кадр. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басым бағыттары мен стратегиялық мақсаттарын айқындауда экономика және қаржы басқармасының орны ерекше. Осы ретте бюджеттің әр тиынының мақсатқа сай жұмсалуын, сапалы игерілуін қамтамасыз етіп, барлық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатардан көрінеді деп сенім білдіреміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жаңадан тағайындалған басқарма басшысын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев құттықтады.

Қамбарбек Мүбараков 1973 жылы дүниеге келген. Қызылорда политехникалық институтын «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы экономика және менеджмент», Қызылорда гуманитарлық университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы Өзгент совхозындағы орталық қырманның слесарі болып бастаған.1997-2009 жылдары салық органдарында түрлі деңгейдегі басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. 2009-2018 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы. 2019-2022 жылдары Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Шиелі ауданының әкімі, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының төрағасы болған.

2022 жылдың қараша айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<