Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі қаралды.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын іске асыру барысын баяндады.
«Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен 18 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Өткен жылы 166 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 45,7 мың тоннасы немесе 27,5 %-ы өңделді. Былтыр облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 700 млн теңгеге қалдықтарды жинау, тасымалдау жұмыстарын атқаратын 49 арнайы техника алынды. Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда құны 36 млрд 400 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске асырамыз. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық аудандары мен Қызылорда қаласы толық қамтылады. Бүгінде инвесторлар анықталды», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласындағы 8 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру механизмі арқылы іске асырылады, 1 жобаға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаралды.
Нұрлыбек Машбекұлы жобалар толық жүзеге асқанда 498 тұрақты жұмыс орны ашылатынын, жылына 380 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық сұрыптау және қайта өңдеуден өтетінін айтты. Одан құрылысқа қажетті брусчатка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны шығарылады.
Қазір Қызылорда қаласында құны 33 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Қалдықтарды ұсақтау және өртеу қондырғылары, 32 арнайы техника (мусоровоз, экскаватор, жүк тиегіш, жүк тасымалдаушы, өрт сөндіру, суару автокөліктері), 3 мың евроконтейнер алынып, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылатын болады. Осылайша полигонның қалдық қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 210 мың тоннаға ұлғаяды.
Бұдан бөлек, шыны ыдыстар өндіруде 1 жоба іске асырылады, жоба құны – 29 млрд.теңге, қуаттылығы – жылына 220 млн шыны ыдыс. Зауытқа шикізат ретінде жиналған шыны қалдықтары қолданылады.
Үкімет басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Қызылорда облысының тәжірибесін басқа өңірлерге енгізуді тапсырды.
«Жобалардың барлығын аяғына дейін жеткізу қажет. Ерлан Нұралыұлы, Қызылорда облысының оң тәжірибесін басқа өңірлерге тарату керек», – деді Премьер-министр.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<