2025 жылғы 14 қарашада Қызылорда қаласында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында «Мұстафа Шоқай мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері: тарих, таным және тағылым» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтуде. Іс-шараны Қызылорда облысы әкімдігі мен университет бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Өзбекстаннан танымал ғалымдар, сарапшылар, қоғамдық ұйым өкілдері, магистранттар мен докторанттар қатысып жатыр. Жиын жұмысы пленарлық және секциялық отырыстар форматында жүргізілмек.
Ғалымдар Мұстафа Шоқайдың өмір жолы, саяси қызметі, ұлттық-азаттық қозғалыстағы рөлі, публицистикасы мен ағартушылық еңбектерін, сондай-ақ оның мемлекетшілдік және еркіндік идеяларының бүгінгі күнгі маңызын талқылауда.
Пленарлық мәжілісті Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Мейрамбек Шермағанбет ашты.
Іс-шара Мұстафа Шоқайдың саяси-құқықтық, публицистикалық және ағартушылық мұрасын жүйелі зерттеу, оның мемлекетшілдік идеяларының бүгінгі кезеңдегі өзектілігін анықтау және Мұстафатану ғылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Конференция қатысушылары Мұстафа Шоқайдың еркіндік пен әділет жолындағы күресі – қазіргі Қазақстанның тарихи жады мен рухани тәуелсіздігін нығайтудағы маңызды іргетас екенін атап өтіп отыр.





