Қызылордада «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті барысы» республикалық турнир өтуде

789

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының кубогіне арналған «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Барысы» қазақ күресінен республикалық турнирінің ашылу рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы турнирдің Сыр өңірінен бастау алуы аймақ үшін үлкен абырой екенін атап өтті.

«Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп бабаларымыздың ізі қалған Сыр жерінде батырлар сабақтастығы үзілген емес. «Қазақстан барысы-2022» турнирінде жеңімпаз атанған жерлесіміз Мақсат Исағабылов «Қазақстан барысы» жүлдесін үшінші рет туған жерге әкелді. Өткен жылы грек-рим күресінен Сербияның Белград қаласында өткен Әлем чемпионатында Ұлттық құрама сапында жерлесіміз Айдос Сұлтанғали қола жүлдені олжалады. Осынша жетістік күш-қуаттың ғана көрсеткіші емес, ол – ұлттық рухтың көрінісі.

Қызылордада «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті барысы» республикалық турнир өтуде

Спортшыларымыздың дайындығы, жеңіске деген жігері арқасында өткен жыл Сыр спорты үшін нәтижелі әрі табысты болды. Аймақ спортшылары Қазақстан Республикасы чемпионаты мен кубоктарында 1 078 медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарынан 218 медальға қол жеткізді. Осылайша Сыр спортшылары соңғы бес жылдықтағы рекордты жаңартты», – деді Н.Нәлібаев.

Қызылордада «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті барысы» республикалық турнир өтуде

Сондай-ақ, турнирге қатысушыларды ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев құттықтады.

Айта кетейік, өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілген. Қазіргі таңда облыс бойынша 10 денешынықтыру және спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл облыс орталығынан құны 6,9 млрд. теңгені құрайтын көпсалалы спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда.

Бастамашыл азаматтар көптеген жаңа нысанның құрылысын жүргізуде, алдағы уақытта да ауқымды жоспарлар бар. Жергілікті «Қайсар» футбол клубы үшін заманауи жабық стадион салу жұмыстары демеуші есебінен атқарылуда. «Балалар жылында» демеушілер көмегімен 1,6 млрд. теңгенің 80 спорт-ойын алаңы балдырғандарға тарту етілді.
Турнирге 24 командаға жасақталған 120-дан аса дарабоз палуан қатысуда. Кеше спортшылар жарысқа тіркеліп, жеребе тартты және этноауыл көрмесіне барып, ұлттық спорт ойындарынан сайысқа қатысты. Бүгін командалық жарыстар өткізілді. Ал, ертең «ҚР ҰҚК Барысы» мен түйе палуандардың жекпе-жектері ұйымдастырылмақ.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<