Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаты Рысқали Әбдікеров Жезқазған қаласының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Парламенті Сенаты баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында сенатор Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі алдағы республикалық референдумды талқылады. Сенатор алдағы оқиғаның маңызына тоқтала келіп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған жаңа Қазақстанның құрылысы саяси реформасыз жүзеге асуы мүмкін еместігін атап өтті.
«Жаңа үлгіде өсіп-өркендеу бойынша Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейе түседі, азаматтардың мемлекеттің тыныс-тіршілігіне қатысуы айтарлықтай кеңейеді, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығая түседі. Референдумға қатысу әрбір азаматтың конституциялық құқығын іске асырудың кепілі болып табылады және бұл орайда қоғам қайраткерлері мен белсенділерге маңызды рөл беріледі», – деп атап өтті Рысқали Әбдікеров.
Сенатор сондай-ақ қала әкімдігінде де болды. Актив алдында сөз алған ол Конституцияға енгізілетін түзетулер Тәуелсіз Қазақстан тарихында әділ мемлекет құрудың жаңа кезеңінің бастауы болатынын атап өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<