Ресей Үкіметінің басшысын қабылдады

464

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық үкіметаралық кеңеске қатысу үшін Қазақстанға келген Ресей Федерациясының Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады.

Кездесу барысында олар сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастықты нығайтуға баса мән бере отырып, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті мен Ресей Премьер-министрі Украинадағы жағдайдың ушығуына және Ресейге халықаралық санкциялардың енгізілуіне байланысты екі мемлекет арасындағы тауар айналымының төмендеуіне жол бермеу жөніндегі бірлескен шараларды қарастырды.

Саяси диалог жолға қойылған

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөз жүргізді.

Кездесу барысында олар сауда-экономикалық байланыстарды, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аудара отырып, Қазақстан мен Армения арасындағы қатынастардың даму перспективаларын қарастырды. Тараптар халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдар мен Украина төңірегіндегі жағдайды талқылады.

Мемлекет басшысы Армения Премьер-министріне ілтипат білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Биыл біздің дипломатиялық қатынастарымыздың орнағанына 30 жыл. Бұл – өте маңызды дата. Екі ел арасында жоғары деңгейлердегі ашық саяси диалог жолға қойылған. Парламенттік, мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз дамып келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Арменияның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы төрағалығын жоғары бағалап, қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде ҰҚШҰ-ның бітімгерлік контингентін Қазақстанға жіберу туралы шешімді қолдағаны үшін Никол Пашинянға ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Армения Үкіметінің басшысы қонақжайлық көрсеткені және Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айтты.

– Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарымыздың табысты дамып келе жатқанына қуаныштымын. Қазір Еуразиялық экономикалық одақ форматында экономикалық ынтымақтастық пен Еуразиялық экономикалық кеңістікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылап жатырмыз, – деді Никол Пашинян.

Сондай-ақ Премьер-министр Никол Пашинян ҰҚШҰ-ның дағдарысқа қарсы әрекет ету тетіктерін оң бағалап, Арменияның ұйымға төрағалығы аясында осы мәселеге басымдық берілетінін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<