Әріптестік көкжиегі кеңейе түседі

506

0

Әріптестік көкжиегі кеңейе түседі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения астанасы Ереванда өткен бірқатар екіжақты кездесулерден кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты.

Кеңестің кеңейтілген отырысына Беларусь Республикасының Пре­зиденті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Пре­зиденті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Вла­димир Путин, Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты. Сонымен қатар, шараға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы-мем­лекет басшысы ретінде Молдова Республикасының президенті Игорь Додон, құрметті қонақтар – Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани және Сингапур Республикасының Премьер-Министрі Ли Сянь Лун қатысып отырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде армян тарапына жылы қабылдауына және отырысқа жоғары деңгейде дайындалғаны үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Еуразия­лық экономикалық одақтың әлемдік сауда-саттықты дамытудың аса маңызды бөлігіне айналғанына сенімді екенін айтты.

Қазақстан Президенті нарықтың жылдам өзгеріп жатқан конъюнк­турасы, державалар арасындағы бәсеке­лестіктің артуы, сауда соғы­сы, протекционизмнің өсуі әлем эко­но­микасының тұрақсыздығына соқтыруы мүмкін деп атап өтті.

– Ғаламдық күрделі жағдайда мемлекеттеріміздің экономикалық орнықты дамуын қамтамасыз ету аса маңызды. Бұған шынайы әрі өзара ынтымақтастық, интеграция мен кооперацияның арқасында ғана қол жеткізуге болады. Біздің елдеріміз ортақ ішкі нарықтағы кедергілерді жою жұмыстарын жалғастыра беруі керек,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сауда жасау­дағы кедергілерді жою жөнін­дегі жұмысты жандандыруға шақырды.

– Комиссия ұлттық заңнамаларға мониторинг тетіктерін күшейте алады және солай істеуге тиіс деп ойлаймын. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі қолданыстағы құқықтарды түсіндіру мен ақпарат­тандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу қажет,– деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия­лық одақ аясындағы көлік-логис­ти­ка­лық ынтымақтастықтың оң нәти­желерін айта келе, Еуразиялық экономикалық комиссияға және ел үкіметтеріне ЕАЭО-ның біртұтас транзиттік жүйесін дайындау жұ­мыс­тарын жеделдетуді, сонымен қатар, озық технологияларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды ұсынды. 

– «Қытай – Еуропа – Қытай» бағы­тындағы транзиттік операциялар мен экспорт-импорттың көлемі тұрақты артып келе жатқанын байқауға болады. «Вьетнам – Қытай – Еуропа» бағыты бойынша іске қо­сылған трансконтинентальді темір­жол желісі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығына кіретін мемлекеттердің нарығына біздің елдердің өнімдерін шығарудың логистикалық мәселесін шешеді. Аталған көлік дәлізі теңіз тасымалына жақсы балама және Оңтүстік-Шығыс Азиядан Еуропаға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы қысқа мерзімде жүк жеткізуге мүмкіндік береді,– деді Мемлекет басшысы.

Жоғары Еуразиялық экономи­калық кеңес отырысының күн тәртібіндегі басты мәселе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер мен Сингапур Республикасының арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою болды. Аталған келісім ЕАЭО елдері үшін 600 миллион халқы бар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығына мүше-мемлекеттердің алып нарығына жол ашады. Осыған байланысты, Қазақстан Президенті кеңейіп жатқан жаңа нарықтар мен сауда-экономикалық байланыстарды дамытып, аталған бағыттағы келіс­сөздердің жоғары деңгейін сақтап қалу маңызды екенін айтты.

– Еуразиялық экономикалық одақ болашақта Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы және басқа да ірі халықаралық ұйымдармен байланыстарды арттыруға басымдық беруі керек. Бүгін Жоғары кеңестің барысында Сингапур Республикасымен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылды. Осымен ЕАЭО осы бағытта Вьетнамды қоса айтқанда екінші елмен келісім жасады. Иран Ислам Республикасымен сауда-экономикалық және логистикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды мәселе, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

***

Жоғары Еуразиялық экономи­калық отырысының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисянды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Ереванда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес қорытындысы бойынша 20 құжат қабылданды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<