Сабақтастық ел дамуының кепіліне айналды

962

0

2019 жылғы 19 наурыз Қазақстан тарихындағы айтулы күндердің біріне айналды. Дәл осы күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің президенттік өкілеттігін тоқтату туралы тарихи шешім қабылдады. Нұрсұлтан Әбішұлы президенттік өкілеттігін тоқтатуға байланысты халыққа үндеу жариялады. Билікке басшылардың жаңа буыны келуі керектігін айтып, олардың елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыртуларды жалғастыруға тиіс екенін мәлімдеді.

Өткен жылғы 23 сәуірде «Nur Otan» партиясының съезі өтіп, онда партия төрағасы еліміздің президенттігіне Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Елба­сының ұсынысына съезд деле­гаттары бір ауыздан қолдау білдірді.
Міне, Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың Қазақстан Рес­публикасының Президенті қыз­метіне ресми түрде кіріс­ке­ніне тура бір жыл толып отыр. Былтыр 9 маусымда өткен сайлауда сайлаушылар үлкен басымдықпен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты жақтап дауыс берді. Осылайша, Қазақстан хал­қы Елбасы сая­сатының сабақ­тастығына және еліміздің одан әрі өрлеуіне қолдау білдірді.


Президентті ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтті. Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мем­лекеттік органдар үшін негізгі он бағытты айқындап берді. Олардың қатарында халық­тың табысын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту, сыбайлас жем­қорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін рефор­малау, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамыту, руха­ни жаңғыру, үйлесімді және көп­векторлы сыртқы саясат, сондай-ақ жастарды қолдау сияқты басымдықтар атап көрсетілді.
Президент өзінің ең басты мақсаты – халқымыздың бірлі­гін сақтау, әр азаматтың құқы­ғын қорғау және әрдайым Қазақ­станның ұлттық мүддесін бәрінен биік қою екенін атап айтты.


Бір жыл баға беру үшін тым қысқа мерзім. Бірақ, сарап­шылардың атап көрсеткеніндей, елімізде осы мерзімде едәуір іс тындырылды. Мемлекеттің басқару жүйесін жетілдіру мақ­сатында «халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжы­рым­да­масы қолға алынды. Халықтың жалақысы өсті, тұрмысы төмен және көп­бала­лы отбасылардың несие­лері кешірілді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, онда көптеген түйінді мәсе­ле­лер бойынша ұсыныстар пысық­талды.


Бұл кеңес тиімділігін дәлелдеп, нақты нәтижелері айқындала бастады. Президенттің Ұлттық кеңестің төрағасы ретінде сөйлеген сөздері, ұсынған саяси реформалар топтамасы жұртшылықтың талқысына тү­сіп, қолдауына ие болып отыр. Әсіресе сая­си партияларды тіркеу талабын екі есеге қыс­қарту, партия тізімінде жастар мен әйелдер үшін 30 проценттік квота бөлу, парламенттік оп­позиция институтын заңдастыру, бейбіт жиындарды ұйымдастырудың хабарландыру тәртібін бекіту, ең бастысы, жала жабу бабын қылмыстық әрекет ретінде санамау сияқты ұсыныстарды көпшілік күткен еді. Әрине, реформалар бір жылдың ішінде асығыстықпен жасалмайды. Оған қадам жасау және сол қадам­­дардың халық қолдауына ие болуы аса маңызды.


Жыл ішіндегі тағы бір айтулы жетістік ретінде елдің саяси жүйесін реформалау бойын­ша бірқатар заңдарға толықтырулар мен өз­герістер енгізілгенін атап өтуге болады. Қоғам өзегіне түскен жегі құрт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейді. Заманауи білім мен технология, ақпараттық дәуір жетістіктерін меңгерген жастардан кадрлық резерв жасақталды. Білімді жас мамандарға жол ашылып, олар мемлекеттік қызметке тартылды.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік дең­гейде мойындалған кәсіби дипломат екені мәлім. Еліміздің сыртқы саясатының жаңа тұжы­рымдамасы бекітіліп, халықаралық ынты­мақтастықта ұлттық мүдде мен тәуел­сіздіктің басты құндылық екені баса айтылуы – соның айғағы. Биыл Абайдың 175, әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ел руханиятын тағы да бір биікке көтеру үшін елеулі жобалар қолға алынды. Ғұламалар өмірі мен шығармашылығы адамзат баласы құрмет тұтатын құндылықтарды насихаттау үшін ұрпақтан ұрпаққа саф алтындай таза күйінде жетуі керек. Бұл орайда қолға алынған шаралардың ауқымы зор.
Халықты алаңдатқан тағы бір мәселе – жер сатылмайтын болды. Тиімділігі төмен, бағасы қымбат жобалар тоқтатылды. Білім-ғылымға, әсіресе, денсаулық сақтау саласына аса мән берілді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің соңғы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік сая­сатты соған сәйкес жүзеге асырамыз» деген сөзі келешектегі көп жұмыстың бағытын аңғарт­қандай.


Ерекше маңызды мәселе, мемлекеттің дамуын тежейтін, барлық саланың алға басқан қадамын кері кетіретін кедергілердің бірі – сыбайлас жемқорлық екені белгілі. Президент тапсырмасымен мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қазір жүйелі түрде жүргізілуде.


Мемлекет басшысы еліміздің сот жүйесін реформалау мәселесін назардан тыс қалдырған жоқ. Соның нәтижесінде соттар жұмысының жаңа форматын енгізу, сот ісін жүргізу процесін оңтайландыру және цифрландыру шаралары қолға алынуда. Мұның бәрі халықтың игілігі, уақытын тиімді пайдалануы үшін ұйымдастырылған.


Ел руханиятының негізгі тіректерінің бірі – парасатты патриотизм бүгінгі еріктілер қозғалысынан көрініс беруде. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп хәкім Абай шақырған бастаманың халқымыздың қанында бар қасиет екенін Президент Волонтерлер жылының ашылуында айтқан болатын. Сол жолы «Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген.

Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет» деп, ізгі ниетпен жасалатын еріктілік жолын жаңа биікке көтерді.
Әлемде коронавирус пандемиясына байланысты орын алған төтенше жағдай еріктілер қозғалысының аса қажет екенін және қазақстандықтардың да ел игілігі жолында адал қызмет етуге дайын екенін айқын көрсетті. Бүгінде мыңдаған ерікті азамат жүрек қалауымен пандемияның және карантиннің салдарынан қиын жағдайға тап болған жандарға көмек қолын созуда.


«Мен сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін барлық қажыр-қайратымды жұмсаймын!» деген болатын Президент. Бұл сөз бізді жігерлендіреді. Қазақстандықтардың Мемлекет басшысына сенімінен, бір жылғы еңбегіне берген бағасынан, қоғам өмірінің барлық саласына елеулі өзгеріс енгізу және жаңғырту бастамасына қолдауынан көп нәрсе аңғаруға болады. Бұл болашақ Қазақстанның, оның халқының арман-мүд­десіне сәйкес келеді.

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<