Сақтыққа сергек қараған абзал

281

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова карантин талаптары мен онық сақталуы барысындағы құқық бұзушылықтарға қатысты мәжіліс өткізді.

Жиында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова мен облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Шамшидин Амитов хабарлама жасап, елдегі 5 шілдеден бастап енгізілген карантиндік шектеулерге қатысты кейбір өзгерістерді талқылады.


Қуаныштысы, облыста соң­ғы күндері коронавирус індеті және пневмониямен ауырған азаматтардың саны азайған.


– Облыс бойынша соңғы күндері коронавирус індеті және пневмониямен ауырғандар санының төмендеуі байқалады. Қабылданған шаралар нәтижесінде төсек-орындардың, өкпені жасанды желдету құрылғылары, оттегі концентраторларының саны көбеюде. Дегенмен, босаңсуға болмайды, тұрғындар азаматтық жауапкершілікті берік ұстануы керек. Біз бұған дейін шектеу талаптары сақталуының қажеттілігі туралы бірнеше рет үндеу жасаған болатынбыз. Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін облыс бо­йынша жеке тұлғалар және бизнес субъектілері тарапынан карантиндік талаптардың бұзылу фактілері орын алуда. Карантин режиміне қарамастан өңірде көп адам жинап, ас беру, үй жағдайында той, беташар өткізу байқалады. Карантин кезеңінде анықталған құқық бұзушылықтарға тиісті шаралар қабылдау керек. Осыдан екі күн бұрын 25 шілде күні 82 жасында елге белгілі академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев өмірден озды. Сонда, ағайын-туыстарына соңғы өсие­ті – көпшілік бір жерге шоғыр­ланбасын, ауруды жұқтыру қаупі болмасын деп қоштасу рәсімін бір жылдан кейін өткізуді тапсырыпты. Халық арасында осындай сана қалыптасу керек, – деді облыс әкімі.


Рас, бізде әлі тәртіпке бағынғысы жоқ, адам жиып, ас беріп, ұл үйлендіріп, қыз ұзатқан­дардың қарасы баршылық. Облыс әкімі осыны ескерте отырып, мәселелер бо­йынша жауаптыларға бірқатар тапсырма берді.


– Аймақта криминогендік ахуал тұрақты. Алайда тұрғындар тарапынан карантин талаптарын сақтамайтындар кез­деседі. Әсіресе, ұжымдық, отбасылық, көпшілік жиналатын іс-шаралар өткізу тоқтамай тұр. Карантин ережелерін бұзу деректерін анықтау мақсатында 24 мобильдік топ жұмыс істеп, қала көлемінде қоғамдық тәртіпті қадағалауға 56 автопат­руль жұмылдырылған. Бұған қоса 10 жаяу бағытта жиырма қызметкер үш ауысыммен жұмыс істейді. Қазір полиция күшімен карантин талаптарын бұзудың 337 дерегі анықталды. Соның ішінде дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтерген 47 жағдай тіркелсе, 15 млн теңгені құрайтын дәрі өнімдерін заңсыз сату фактісі де анықталды, – деді облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Шамшидин Амитов.


Сондай-ақ, Амитовты алаң­датқан тағы бір мәселе – карантин уақытында шомылу орындарында суға түсуге ­тыйым салынғанына қарамастан, тұр­ғындар тарапынан тәртіп бұзатындар көп.

Ескертуді елемей, суға жүзбек болғандардың 8 дерегі анықталса, ең қорқыныштысы – карантин енгізгелі 20 адам суға кетсе, оның сегізі кәмелет жасына толмаған.


Бұған қоса ата-ана қарауынсыз түнде жүрген 123 жасөспірім рейд барысында анықталған. Ал соңғы үш күнде ойын алаңдарында, көпқабатты үйлер ауласында ересектердің қарауынсыз қалған 20 бүлдіршін ата-аналарына табысталыпты.


Сондай-ақ, мобильдік топтар карантиндік режимді бұзу жөнінде 228 дерек анықтап, оларды аумақтық санитарлық дәрігерлерге жолдаған. Полиция қызметкерлерінен бөлек, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті 920 нысанды тексеріп, 44 әкімшілік хаттама толтырыпты. Оларға 1 833 480 теңге айыппұл салынған. Ең көп айыппұл арқалағандар Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданында.


Өңір басшысы ескерткендей, аймақтағы эпидемиологиялық ахуал біршама жақсарса да, қоғамдық орындарда, азаматтар көп шоғырланатын жерлерде міндетті түрде медициналық бетперде тағып, қарапайым гигиеналық нормаларға жіті мән берілу керек.


Бұдан өзге, облыс әкімі облыстық полиция департаменті басшылығына жасөспірімдер қылмысы, оларға қатысты құқық бұзушылықтар, шомылу кезіндегі жазатайым оқиғалар және тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне баса назар аударуды тапсырды. Ал, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне карантиндік режимде құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлілерді міндетті түрде жауапкершілікке тарту керектігін қадап ескертті.

Тұрғындар тарапынан карантин талаптарын бұзудың алдын алу және анықтау мәселелері бо­йынша полиция органдарымен өзара ынтымақтастықты қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.


Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз