Сақтандыру қызметі жаңа сапаға көшпек

469

0

Туристік жолдама бойынша шетелде жүрген азаматтарымызды толықтай сақтандыру қажет. Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 «Біздің   көптеген азаматтарымыз  қазіргі уақытта өз демалыстарын туристік жолдама бойынша шетелде өткізеді. Әрине, ол жақта жүргенде әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Ауырып қалады немесе басқа жайттар болуы әбден мүмкін. Бірақ та, ең бастысы  –  туристік жолдама бойынша шетелде жүрген азаматтарымызды осы кезеңде толықтай сақтандыру қажет. Сондықтан, осы мәселені   екінші оқылымға дейін қарауымыз қажет, – деді Нұрлан Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.
Осы заң жобасына сәйкес, қазақстандық туристерді қорғау мақсатында  туристік фирмалар шетелге шығатын туристі міндетті сақтандыруды жүзеге асыру көзделетін болады. Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң  жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
«Заң жобасындағы екінші бағыт – бұл туроператордың жауапкершілігін сақтандырудан шетелге шығушы туристің өзін сақтандыруға өту. Қазіргі кезде туроператордың жауапкершілігін сақтандыру кезінде сақтандыру тек туроператордың кінәсі дәлелденген кезде ғана жұмыс істейді. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Турист, әдетте, денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге байланысты өз мәселелерімен жалғыз қалады. Заң жобасы шетелге шығушы туристерді сақтандыру тәртібін өзгертуді қарастырады. Туроператор жолдаманы сатқан кезде туристке сақтандыру куәлігін беруге міндетті болады. Сақтандыру куәлігінде шетелде тәулік бойы медициналық көмек көрсететін халықаралық компаниялардың телефондары көрсетілетін болады», – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<