Саяси кеңесте келелі мәселелер көтерілді

354

0

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Басқосуға Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев, Сая­си кеңес Бюросының мүшелері, Үкімет мүшелері, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция өкіл­дері, партияның өңірлік фи­лиал­­дарының басшылары және олар­дың орынбасарлары, бастауыш пар­­тия ұйымдарының өкілдері қатысты.

Кеңейтілген отырыста күн тәртібіне сәйкес партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдердің орындалу барысы, партия жұмысын жаңғырту және Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.

Елбасы ел дамуының страте­гиялық мақсаттарына қол жет­кізу үшін партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлау заңнамасын реформалау нәти­желеріне тоқталып, қабыл­данған пропорционалды жүйе озық әлемдік тәжірибеге сай келетінін және демократияны дамытуға септігін тигізетінін айтты.

– Партия проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керек, сонда беделіміз де артады, халық та қолдайды. Экономика мен саяси даму бағытында көшбасшы атанған елдердің тә­жірибесінен сабақ алғанымыз жөн, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

«Nur Otan» партиясының Төр­ағасы алдағы сайлаудың конс­титуциялық мерзімде өтетіндігін тағы бір мәрте атап өтті.

– Қазір Үкімет пен бүкіл атқарушы билік білек сыбанып, «Nur Otan» партиясы мен жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орындауға, адамдардың нақты проблемаларын шешуге тиіс. Ең алдымен, өңірлерде жұртшылықпен тығыз жұмыс істеу қажет, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті «Сенім. Диалог. Бола­шаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды.

Атап айтқанда, Елбасы бағ­дар­ламаға сәйкес партияның бел­сенді мүшелерін топтастыру, жем­­қорлықпен күресті күшейту жә­не партиядан лайықты емес мү­­­шелерді шығару үшін шара­лар қабылдауды, барлық деңгейде пар­тия органдарының әлеуетін ме­й­­лін­ше жүзеге асыруды, биліктің бар­лық деңгейінде партиялық жауап­­­­кершілікті арттыруды тапсырды.

– Партияның Мәжілістегі фрак­­­ция­­сының жұмысын барынша күшейту керек. Бұл партия мін­­деттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал ету­дің негізгі тетігі. Фрак­ция­ның мәртебесін көтеру үшін оның жетекшісі лауазымына Мә­жіліс Төрағасы Нығматуллин Нұр­лан Зайроллаұлын сайлауды ұсы­намын. Ол Мәжілістің спикері ретінде алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және фракция жұ­мысын қайта жандандыру үшін барлық ресурстарды жұмылдыра алады, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізуді, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұ­мысты ұйымдастыруды және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды ұсынды.

– Қазіргі таңда «жаңа» медиа саласында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді. Жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көтерілуде. Қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасуда. «Nur Otan» өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс, – деді партия Төрағасы.

Сондай-ақ, Қазақстанның Тұң­­ғыш Пре­зиденті ел алдында тұр­ған экономикалық проб­лема­лар­­ға тоқталып, тұрақты өсімді қам­­­та­ма­сыз ететін жаңа шаралар ұсын­ды.

Атап айтқанда, Елбасы бизнес үшін салық ауыртпалығын төмендету арқылы экономикаға салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсынды.

– Сондай-ақ, бюджет саясатын қайта қарау қажет. Мемлекеттік сатып алулар ашық емес және сыбайлас жемқорлық жаппай белең алған салаға айналды. Құны 1,8 триллион теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алулардың 65 пайызы бір көзден жүзеге асқан. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңды өзгерту керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті белсенді сауда саясатын жүзеге асыру және қаржы секторын тұрақтандыру шараларын қабылдаудың  маңыздылығын атап өтті.

– Қазіргі таңда жасанды интеллект алдыңғы қатарға шықты. Оны тіршіліктің барлық саласына енгізу ауқымы жағынан уранның бөлінуі туралы жаңалықты ашумен тең. Жасанды интеллект денсаулық сақтаудан бастап, өндіріс пен қаржы секторына дейінгі барлық саланы түгел трансформациялайды. Жасанды интеллект жаңа әлемдік тәртіп орнатып, жаңа жаһандық көшбасшылар мен аутсайдерлерді айқындайды. Сондықтан біз оны қолдау үшін қазірден бастап ауқымды және жүйелі шаралар қабылдауымыз қажет, – деді партия Төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаев жасанды интеллектіні жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық база әзірлеуді, сондай-ақ, осы саланы кәсіпкерлік және ғылыми тұрғыдан қолдау үшін экожүйе қалыптастыруды ұсынды.

– Партияның күнделікті жұ­мы­сын айтарлықтай жандандыру керек. Біз үлкен деректер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықтың сұранысына алдын ала жауап беру­ді үйренуіміз керек, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, отырыс бары­сында Партия Саяси кеңесі Бюро­сының жаңа мүшелері ретінде «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі және «Жас Отан» жастар қанатының көшбасшысы Д.Кәрібек сайланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<