СЕНІМГЕ ҚҰРЫЛҒАН ӘРІПТЕСТІК

469

0

Үстіміздегі жылдың маусым айының басында Қытайдың мемлекеттік «Синхуа» агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың 1991 жылдан бері елге 16 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйғанын айтқан. Президенттің айтуынша, елде қазіргі кезде қытай капиталының қатысуымен 1200 компания  жұмыс істеп жатыр. Олардың  арасында Қытайдың CNPC, CGNPC, CITIC сияқты танымал компаниялары да бар. 

Бұған қоса, биыл құны 2 млрд АҚШ доллары болатын алты жоба  іске қосылмақшы. Оның агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен металлургия, химия өнеркәсібі салаларына қатысты жобалар екені айтылады.

Маусымның 7-сі күні Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуде «Бір жол – бір белдеу» жобасын қолдады. Ал Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстан арасындағы «достықтың алып кемесін» Назарбаевпен бірге басқаруға дайын екенін жеткізді.

Назарбаев Пекиндегі кездесуде екі ел басшыларының 2012 жылдан бері жоғары деңгейдегі 18 кездесу өткізгенін, жалпы сомасы 67 миллиард долларды құрайтын екі жақты 127 құжатқа қол қойылғанын айтты. «Былтыр өзара сауда көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Бұл жердегі өсім – 30 проценттен астам. Екі жақты қатынастарымызды ілгерілету үшін біздің бұдан да зор әлеуетіміз бар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгінгі әлем – ашық әлем. Елдер мен елдер өзара ынтымақтасып, тауарлар алмасқан жағдайда ғана өсім болады. Ал өсім негізінен инвестиция арқылы мүмкін болады.

Былтыр Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде Қытай Қазақстан экономикасына 42,8 млрд доллар инвестиция салып, несие есебінде 50 млрд доллар қаржы құйған. Қос тараптың тауар айналымы артып, сауда саласындағы әріптестігінің нығайғаны туралы Қытай басшысы Си Цзиньпин EXPO – 2017 халықаралық көрмесіне келген сапарында: «Қазақстаннан Қытайға экспортталатын тауарлар көлемі жылдан жылға өсіп келеді. Қарапайым қытай отбасыларының үстелінде Қазақстанда жасалған ұн, өсімдік майы, ет өнімдері мен бал пайда бола бастады», – деген болатын. Қытай басшысының сөзін өткен жылы Қазақстанның аспанасты еліне бағытталған экспорты (5,8 млрд доллар) импорттан (4,7 млрд доллар) 1,1 млрд долларға артық болғанын көрсететін сандық деректер де дәлелдейді.

Жалпы, қос тарап 2017 жылды 10,5 млрд долларға бағаланған екіжақты тауар айналымымен қорытындылады. Өткен жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 77,7 млрд доллар болса, оның ішінде Қытайдың үлесі – 13,5%. Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция құятын мемлекеттердің ішінде алтыншы орында. Қытай капиталының негізгі бөлігін (60,6%) тікелей шетелдік инвестиция құрайды. Бүкіл әлемде тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 16 процентке қысқарған. 2017 жылдың өзінде Қытайдан Қазақстанға келетін қаржы 36,8 млн долларға артқан. Бұл – өңірлік қауіпсіздіктен бастап, көлік-логистика, тауар тасымалы, экономикалық әріптестік пен мәдени байланыстарға дейін бірнеше салада бірлескен жобаларды жүзеге асырып отырған көршілес мемлекеттердің қарым-қатынасы көз ілеспес қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетеді. Жыл өткен сайын Қазақстанның ішкі нарығындағы үлесі мен салмағы артып келе жатқан Қытай инвесторлары туралы пікірімен бөліскен Тұңғыш Президент қоры жанындағы Халықаралық экономика және саясат институтының сарапшысы Сергей Домнин көрші мемлекеттің инвестициялық белсенділігіне жоғары баға береді.

Оның пікірінше, Қытай – әлемдегі ең белсенді инвесторлардың бірі. 2017 жылы UNCTAD Қытайға тиесілі тікелей шетелдік инвестиция ағымын 124 млрд доллар көлемінде бағалады. Бұл – әлем бойынша ең үздік көрсеткіштердің бірі. Соңғы он жылда Қытай инвестициясы орташа есеппен 8 есе өскен. Қазақстан ашық экономика саясатын ұстанатын мемлекет ретінде шет елден инвестиция тарту ісіне басымдық береді.

Кейінгі кездері экономиканы әртараптандыруда Қазақстан үшін шетелдік инвесторлардың назарын өңдеу өнеркәсібіне аудару үлкен маңызға ие. Бұл бағытта жылда өтетін Қазақ-Қытай іскерлік кеңесінде де ұсыныстар жасалып, жаңа келісімдерге қол жеткізіледі. Сарапшының сөзінен дайын өнім шығару саласына капитал салатын қытай кәсіпкерлері табылғанымен, негізгі басымдық әлі де болса, мұнай-газ секторына тиесілі екенін байқадық.

Сарапшылардың айтуынша, Қытай инвесторлары бірінші кезекте, мұнай-газ саласына, оның ішінде көмірсутек тасымалына қызығушылық танытып отыр. Онан кейінгі орында қаржы секторы, агроөндірістік кешен, өңдеу өнеркәсібі тұр. Қытаймен байланыс қарқынды дамып келеді. Сондықтан тараптар арасындағы қарым-қатынастардың тереңдігі мен сапасына мән беру аса маңызды. Мәселен, өндірістік компаниялар арасында кооперациялық байланыстарды қалыптастыруға болады. Оған сәйкес, қазақстандық компаниялар қытайлық серіктестеріне шикізат немесе төмен деңгейлі өнімдер тасымалын қамтамасыз етушіден жоғары технологиялық тауарлар – машина, құрылғылар, заманауи материалдар дайындайтын компания дәрежесіне дейін өссе деген тілек бар. Қытайдың инвестициялық белсенділігі жыл санап артып келе жатқанын дәлелдейтін дерек көп екенін жоғарыда айттық. Сарапшылар «Сенімге құрылған әріптестіктің жаңа деңгейі» деп бағаланатын бұл процестің «нәзік» тұстары туралы да айтады.

Инвестиция кез келген мемлекеттің экономикасын көтеруде жетекші рөл атқаратыны белгілі. Қазақстан – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін болашағынан үміт күттіретін салаларға сырттан келетін қаржыны ұтымды үйлестіруден өз тәжірибесі бар мемлекеттердің бірі. Қытай-Қазақстан арасындағы достық байланыстардың алғашқы 26 жылында елге ағылған қытай қаржысы қандай мәселені шешіп, нендей пайда әкелгенін Сергей Домнин былайша түсіндіреді.

– Қытай инвестициясы Қазақстандағы Құмкөл, Қаламқас, Жаңажол, Кеңқияқ, Қаражанбас сияқты бірқатар ірі мұнай өндірісі бойынша жобаларды жүзеге асыруға көмектесті. 2013 жылы Қытайдың CNPC ұлттық мұнай компаниясы Солтүстік-Каспий консорциумының («Қашаған», «Ақтоты», «Қайран» кен орындары) құрамына кірді. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен ірі мұнай және газ құбырлары салынып, Қазақстанның мұнай-газ транспорттық жүйесі жаңа деңгейге көтерілді. Одан бөлек, Қазақстан қаржы нарығындағы аса маңызды жобаның бірі – Астана халықаралық биржасы акционерлерінің қатарында Шанхай қор биржасы да бар.

Қазір әлемдік саудада жүріп жатқан кейбір үдерістер экономиканың өсіміне кедергі жасайды. Қазақстанның мүмкіндігінше осындай қайшылықтардан айналып өтуі ел экономикасының тұрақты дамуының кепілі болып табылады.

Дайындаған Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<