Серіктестік серпіні

456

0

Серіктестік серпіні Сочиде өтіп жатқан «Валдай» пікірталас клубына қатысуға келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Қазақстан Президентін құрметпен қарсы алған Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Валдай» пікірталас клубының жұмысына қатысуына Ресей тарапы үлкен мән беріп отырғанын айтты.

– Біздің шақыртуымызды қабыл алып, «Валдай» пікір­та­лас клубының жұмысына қаты­суға келгеніңіз үшін риза­шылығымды білдіре­мін. Бізді ұзақ жылдар дипломатиялық қыз­метте істеген Сіз секілді адам­ның пікірі қатты қызық­тырады. Сіз бұл салада кәсіби мамансыз. Бүгінгі халықаралық аренадағы жағдайға, әсіресе, қауіпсіздік саласына байланысты Сіздің пікіріңіз біз үшін өте пайдалы әрі қызық, – деді Ресей Президенті.

Ресей Президентінің айтуынша, екі ел арасындағы диалог та өте жемісті жүріп жатыр.

– Біздің күн тәртібіндегі кез келген екіжақты мәселелерді талқылауға мүмкіндігіміз бар. Барлық сала бо­йынша табысты даму байқалады. Тауар айналымы да көңілге қонымды. Әртүрлі бағытта бірлескен жобаларымыз іске асуда, оның ішінде, дәстүрлі және жоғары технологиялар бойынша ынтымақтаса әрекет етудеміз. Біз үнемі заман ағымының тамырын дөп басып, әр саладағы әріптестерімізге министрлік деңгейінде қолдау көрсетіп келеміз. Бұл жұмыс жалғаса береді, – деді Владимир Путин.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Сочиге шақыр­ғаны үшін алғыс айтты. Оның ойынша, «Валдай» пікірталас клубы өте қызықты әрі тартыс­ты форум.

Қазақстан Президенті ресей­лік әріптесіне Жеңістің 75 жылдық мерейтойына қатысуға шақырғаны үшін ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой күндері Мәскеуге баруға ниетті екенін жеткізді.

– Мен майдангердің ұлымын. Жақында Иванов облысында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан 73 қазақстандық майдангердің қабірі табылды. Біз, қазақстандықтар, Ұлы жеңіс жолында жанын қиған жауынгерлердің ерлігін әрдайым есте сақтаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптес­тіктің жоғары деңгейі мен дәрежесінің сақталғанын атап өтті.

*** 

Қасым-Жомарт Тоқаев «Валдай» халықаралық пікір­талас клубының XVI пленар­лық сессиясына қатысты. Әлемнің ондаған елінен келген беделді саясаткерлер мен белгілі сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан биылғы форум ғаламдық геосаясаттағы Шығыстың рөлі тақырыбына арналды.

Мемлекет басшысы шараға қатысу­шылардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан тарихи және геогра­фиялық орналасу жағынан Шығыспен де, Батыс­пен де  байланыс орнатқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, «Азия ғасыры» дегеніміз, бұл – халықтың өсу қарқыны, жалпы ішкі өнім, сауда, өнеркәсіп және жоғары технологиялық өндіріс.

– 2018 жылы әлемнің ең табысты 500 ірі компаниясының 210-ы азиялық болған. Азия компаниялары цифрлық технологиялар саласында әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Бұл құрлықтағы елдер ғаламдық жалпы ішкі өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етіп, халықаралық сауда мен инвестицияларды ынталандыруда,– деді Мемлекет басшысы.

Баяндама барысында ғаламдық және аймақтық дамудың оң тенденцияларымен қатар, сын-қатерлері де айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2020-2022 жылдары Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалық ету барысында өзге де көпжақты институттармен байланысты күшейтуді жоспарлап отырғанын мәлім етті.

Сонымен қатар, Қазақстан ЕАЭО аясында конструктивті жұмысты жалғас­тыра бермек. Еліміздің бітімгершілік мәселесіндегі ұстанымын айта келе, Президент Қазақстанның аймақтық қақтығыстарды реттеуде әділ арағайындықты жақтайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс­тың өзара іс-қимылынсыз Шығыста тиімді қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру мүмкін емес деп санайды. Осы орайда, ол Қазақстанның АӨСШК мен ЕҚЫҰ ұйымдарының мүмкіндіктерін біріктіру туралы ұсынысын еске салды.

Пленарлық сессия барысында Ресей Президенті Владимир Путин, Иордания Королі ІІ Абдалла, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Филиппин Президенті Родриго Дутерте сөз сөйледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<