Облыстық статистика департаменті мәліметтеріне сәйкес, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша Қызылорда қаласында биыл бірқатар табысқа қол жеткізді.
Мәселен, 10 айдың қорытындысына сәйкес, қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 598 386 млн теңгеге жеткен. Кен өндіру өнеркәсібінде 3 355 мың тонна мұнай және 488,8 млн текше метр табиғи газ өндірілді. Ал, өңдеуші өнеркәсіп саласында 49 816 млн теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 98,1 пайызды құрады.
Айта кету керек, биыл негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 108,9 пайызға артты. Облыстағы үлесі 52 пайызды құрап отыр. Құрылыс саласының дамуында да серпіліс бар. Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 107 пайызға артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 318 831 шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 105,6 пайызға артып отыр.
Шағын кәсіпкерлік саласында қала бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта субъектілерінің саны өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 136 пайызға артты. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 34 202. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 31 060.
«Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы шеңберінде құны 228 млн теңгені құрайтын 2 жоба қолдау алды. «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласы бойынша «Индустрияландыру картасына» енгізілген жалпы құны 68,1 млрд теңгені құрайтын 12 жоба (868 жұмыс орны) жүзеге асырылуда. 2021 жылдың желтоқсан айында «Orda Glass LTD» ЖШС-ның Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты іске қосылды.
Бөлшек сауда көлемі 262 328,6 млн теңгені құрап, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 100,5 пайызға артты. Облыстағы үлесі 86,9%.
1 қазанда алдын ала деректерге сәйкес, халық саны 348,4 мың адамды құрап, өсу қарқыны 108,5%. Биыл жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны – 5817 адам. Жыл басынан жаңа жұмыс орындарымен қамтылған азаматтар саны 9300, оның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылғаны 5167 адам.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы аясында жыл басынан бері 2772 адам қоғамдық жұмысқа, 205 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, жастар тәжірибесіне 1087 жас маман жолданды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<