Шиелі ауданында жаңа мектеп ашылды

2073

0

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігі

Бүгін Шиелі ауданының Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі Байсын ауылында 250 орындық мектеп ел игілігіне табысталды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашылу рәсіміне қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

«Алаштың көрнекті қайраткері Міржақып Дулатов: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» деген. Мемлекет білім саласына үлкен қамқорлық көрсетуде. Біздің өңірімізде де ауқымды жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл облыста 5 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, 4 мектепке 1 850 орындық қосымша ғимарат салынды. Бүгін Байсын ауылында 250 орындық мектеп ашылуда. Баршаңызды жаңа білім ордасының пайдалануға берілуімен шын жүректен құттықтаймын. Аудан, ауыл өсіп-өркендесе, тұрғындардың тұрмыс жағдайы көтеріліп, балалардың білім-ғылымға деген ынтасы артары сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жастарды оқуға, ғылым-білімді, жаңа машықтарды игеруге, технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға шақыруда. Алты Алаштың айбыны Абылай ханның ұлы дала мұрагерлеріне «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деген аманатын баршамыз жақсы білеміз. Білім мен ғылым заманында алар асуларыңыз бен бағындырар шыңдарыңыз биік болсын»,– деді аймақ басшысы.

Шиелі ауданында жаңа мектеп ашылды

Іс-шарада еңбек ардагерлері мен түрлі саланың дамуына үлес қосып жүрген азаматтар, мердігер мекеменің қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет жерлестерін құттықтап, игі тілегін арнады.

Айта кетейік, облыс мектептерінде жас ұрпаққа рухани-патриоттық тәрбие беру жолға қойылған. Күн сайын барлық білім ошақтарында бір мезетте, яғни сағат 7.50-де еліміздің Әнұраны орындалады.

Биылғы облыс бюджетінің 60 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталған. Соның ішінде, білім саласына 278 млрд теңге бөлінді. Президент қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында құны 98 млрд теңге болатын 21 мектеп салынады, оның біреуі Шиелі ауданында бой көтермек. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, облыс орталығында демеушілер есебінен 2,3 млрд теңгеге 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының, Сырдария өзенінің сол жағалауында құны 4,8 млрд теңге болатын жаңа музыкалық колледждің құрылысы басталмақ.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<