«Шығыс пен батыс тоғысқан тұс»

311

0

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін көне Будапешт шаһарында өте жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі алқалы жиынның Еуропа төрінде өтуінің айрықша мәні бар. Біз мажар жұртының қарт құрлықта тұғырлы мемлекет болып отырғанына дән ризамыз. Бүгін бәрімізді түбі бір түркі бауырларым деп құшақ жая қарсы алып жатсыздар. Мұны, шын мәнінде, мызғымас дос­ты­ғымыздың айқын көрінісі деп санаймын. Біз ынтымағы жарасқан елдеріміздің бірлігін бекемдеп, тамыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап келеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының ай­туынша, «Шығыс пен Батыс тоғыс­қан тұс» атауымен ұйымдас­тырылған саммит алып құрлықтың ұлан-ғайыр аумағын иеленіп жатқан түркі елдерінің мүд­десіне, стратегиялық мақсат-мін­де­тіне сай келеді. Қазіргі күрделі гео­саяси жағдайда Ұйым аясындағы ынты­мақтастықтың мәні тіпті артты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев түркі жұртының татулығы мен өзара бай­ланысын нығайту, тұтастығын бе­кем­дей түсу мақсатында Қазақстан қа­был­даған кешенді шараларға тоқталды.

– Атап айтсақ, Түркі мем­ле­кеттері ұйымының жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілін та­ғайындады. Көп ұзамай Тұрақты өкілдік ашуды жоспарлап отыр­мыз. Астанада 11-12 маусым күн­дері Түркі мемлекеттері Пар­ла­менттік Ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтеді. Ақтау қаласы биыл Түркі әле­мі­нің мә­дени астанасы ретінде жария­ланды. Осы мәртебелі мін­детті жо­ғары деңгейде ат­қару үшін нақты іс-шаралар қолға алынды. Қа­зақстанның бастамасымен өт­кен аптада Орталық сайлау ор­ган­дарының консультативтік плат­­­фор­масы құрылды. Оның ал­ғашқы отырысы киелі Түркістан қаласында табысты өтті. Ортақ келісім бойынша биыл маусым айынан бастап Алматы қаласы «Түркі мемлекеттері ұйымының жас­тар астанасы» атанады. Осы­лайша, біз түркі бірлігін ны­ғайтамыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пі­кі­­рінше, Түркі мемлекеттері ұйы­­­­мына мүше елдер өзара қол жеткізген келісімдерді сақтауы қажет.

– Тағы бір аса маңызды мәселе, бұл – біздің Ұйымның шеңберінде қабыл­данған құжаттардағы ере­желерді қатаң сақтау. Про­цедура мәселесі болсын, саяси және эко­номика сұрақтары болсын – келі­сімдердің ережелерінің бар­лығын құрметтеу, сақтау қажет, міндетті түрде іске асыру керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы соңғы кез­дегі тарифке қатысты оқиғалар жаһан­дық сауда саясатындағы өте үлкен өзгерістерге себеп болға­нына назар аударды.

Президент мұн­дай дағ­да­рыс­тар түрлі сын-қатер ту­ды­ру­мен қатар жаңа мүмкін­діктерге жол ашатынын алға тартып, өнер­­кә­сіп, көлік-тран­зит, ауыл шаруа­шылығы, цифр­­ландыру сияқ­­ты бағыттар бо­йынша бірлесе әре­кет етуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Шығыс пен Ба­тыс­тың арасындағы негізгі кө­пір­ге айналдыруды стра­те­гия­лық міндет ретінде ата­ды. Бұл ретте Президент елі­міз Қыр­ғыз­станмен және Өзбек­стан­мен шекарадағы рәсімдерді цифр­­ландыру, жүк транзитін жеңіл­дету үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын, сондай-ақ Қазақстан-Қытай шекарасында үшінші теміржол бекетін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Осы орайда  Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерді ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша халықаралық көлік қатынасын дамытуға ша­қырды. Аталған жоба түркі ел­­дерінің өңірлік транзит хабы ретіндегі рөлін едәуір нығай­тады.

Президент мұнай, газ, уран және тағы да басқа тауар­ларды жеткізу тізбегін әр­тараптандыру ісінде Ұйымның әлеуетін пайдалану қажет екеніне назар аударды. Осы ретте Қазақстаннан Еуропа бағытында мұнай жеткізуді арттыру жобасын қолдағаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта халық­аралық сарапшылар Транс­кас­пий мұнай және газ құ­быр­ларын салу бастамасын тал­қы­лап жүргенін атап өтіп, мұн­дай жобалар өте ауқымды және трансұлттық деңгейдегі ықпал­дастықты талап ететінін жеткізді.

Мемлекет басшысының ай­туынша, цифрландыру және ақпараттық техно­логия­лар сала­сындағы ынтымақ­тас­тық­тың болашағы зор. Биыл елі­міз Каспий теңізі арқылы оптикалық-талшықты кабель тарту жобасын жүзеге асыра бастады. Соның нәти­жесінде аймақтағы цифрлық байланыс нығая түседі.

– Елдеріміз арасындағы сау­да-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өт­кен жылы Қазақстанның Ұйым­ға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард дол­ларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең. Әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен оны арттыра түсу керек. Осыған орай, сауда-саттықты дамыту үшін арнайы құжат әзірлеуді ұсынамын, – деді Президент.

Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы саласындағы ықпал­дас­тықты күшейтуге баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы ынтымақтастықты арттырудың маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысының пікірінше, әлемде жиілеген табиғат апаттарына қарсы тұру үшін күш жұмылдыру мәселесі аса өзекті. Мәселен, соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі айтарлықтай төмендеп кетті. Бұл жағдай аймақтың экологиясы мен экономикасына, халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізуде. Президент түркі елдерін осыған қатысты бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және ортақ жобалар әзірлеуге үндеді.

Саммитте Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмір­әлиев сөз сөйледі.