Шынайы серіктестік серпіні

172

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапарында әуелі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі.

Президент Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және тарихы бай Тяньцзинь қаласында жылы қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылық білдірді.

– Қазақстан ШЫҰ шеңберіндегі қауіп­сіздік пен тұрақтылықты, экономикалық ықпалдастық және мәдени-гуманитарлық байла­ныстарды нығайтуға бағытталған Қытай­дың сарабдал саясатын жо­ғары бағалайды. Қытайдың жапон басқын­шы­лы­ғына қарсы күрестегі жеңісінің 80 жылдығы және Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығы секілді қос тарихи мерейтой қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі Саммитке ерекше мән береміз. Бұл айтулы даталар барша адамзатқа жер бетіндегі халықтың берекелі өмір сүруіне, бірлігі мен ынтымағын арттыруға қызмет етуі қажет. Сондай-ақ тарихи шындықты бұрмалауға жол бермей, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеп, шынайы құндылықтарды ұстануға үндеуі керек, – деді Президент.

Бұл ретте Шанхай ынтымақтастық ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым ретінде танитынын да атап өтті. Мұнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбына арналған «ШЫҰ плюс» саммитінде сөз сөйледі. Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Астанадан бастау алған «ШЫҰ плюс» форматы Ұйымның күн тәртібімен үйлесім тапты. Көптеген мемлекеттің қызығушылығы артқан Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемалары жөніндегі нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады.

Сондай-ақ Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, ортақ тарих, терең байланыс пен өзара түсіністік – халықтарымызды біріктіретін мызғымас құндылықтар. Екі елдің инвестициялық ықпалдастығы да ұдайы кеңейіп келе жатыр.

Қазақстан Президенті Қытайдағы ресми сапары аясында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсянмен бірге бейнебайланыс арқылы Жамбыл облысында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың алғашқы кешенін салтанатты түрде іске қосты.

Бұл жоба – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен SANY Renewable Energy компаниясының табысты серіктестігінің нәтижесі. Жел энергетикасына арналған қондырғылар шығаратын әлемдегі ең ірі компанияның елімізде ашқан бірінші кәсіпорны.

Өндірістік база Шу қаласындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Кәсіпорын гондола, күпшек, мұнара сияқты жел-электр стансасына қажет бөлшектерді шығарады. Жобаны жүзеге асыру еліміздегі жаңа электр стансаларының құрылысын қамтамасыз етіп, «жасыл» энергетиканың дамуына зор үлес қосады.

Мемлекет басшысы сапар аясында бірқатар кездесулер өткізді. Соның бірі – China National Petroleum Coprporation (СNPC) директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянды қабылдау. Кездесуде Президент CNPC компаниясы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Сонымен қатар Президент Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюнмен кездесті және Huawei Technologies Co. LTD директорлар кеңесінің төрағасы Хуа Лянді, Sany Group Co. Ltd. корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбоны қабылдады. Осы қабылдау барысында «жасыл» энергетика, машина жасау салаларында бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстары және инновациялық технологиялар бойынша серіктестік орнату мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Sany Group корпорациясының Қазақстан нарығындағы қызметін жандандыруға ұмтылысын жоғары бағалады. Корпорация елімізде арнайы техникалардың озық өндірісін жолға қоюға ниетті.

Президент сол күні Жамбыл облысында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың іске қосылуын ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы маңызды қадам деп атады.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Бейжіңде China Energy Engineering Group компаниясының бас директоры Ни Чжэнмен кездесті. Мұнымен қатар Қытай ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясының (CNNC) Директорлар кеңесінің төрағасы Шэнь Яньфэнді қабылдады.

Президент Төраға Си Цзиньпинмен жүргізген келіссөз барысында атом индустриясындағы ынтымақтастыққа айрықша мән беріліп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты. Мемлекет басшысы кездесулер қатарында CRRC директорлар кеңесінің төрағасы Сунь Юнцаймен пікірлесті. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды.

Орталықтың пайдалануға берілуі қос халықтың рухани өміріндегі өте маңызды күн деп бағаланды.

ҚХР-ға сапар Бейжіңдегі Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған әскери парадпен қорытындыланды. Саммит қонақтары әскери шеру мен қорғаныс техникаларын тамашалады.

Қ.ӘБІШ