Фото: ашық дереккөз
Түркияның оңтүстігінде болған зілзаладан қаза тапқандар саны 2921 адамға жетті. Бұл туралы Түркия Төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) басшысы Юнус Сезар мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолуға сілтеме жасап.
Оның сөзінше, 15 834 адам жарақат алған. Түркия вице-президенті Фуат Октай үйінді астынан 7840 адам аман шығарылғанын мәлім етті. Сондай-ақ, Ф.Октай 338 мың адам жатақхана, университет пен түрлі орналастыру орындарына жайғастырылғанын айтты.
Президент Режеп Тайип Ердоған Түркияда жеті күнге жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Ел аумағында барлық Мемлекеттік тулар түсірілді.
Түркияның оңтүстік-шығысында бір тәулік ішінде магнитудасы жеті балдан жоғары екі жер сілкінісі (жергілікті уақытпен 04:17-де – 7,7 балл, 13:24-те – 7,6 балл) болды.
Түркия билігі жерасты дүмпуінің қайталануынан қауіптеніп, тұрғындардан үйлеріне қайтпауды сұрады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдап, ел Үкіметіне Түркияға шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.
Түркиядағы жер сілкінісінен көрші Сирия елінде де көптеген ғимарат қирап, қаза болған халық саны соңғы мәлімет бойынша 1 мыңнан асты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<